Қостанайда баға бақылауда ма?

Қостанайда баға бақылауда ма?

Тұрғындардың қолжетімді бағада азық-түлік алуы қала билігінің бақылауында. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыс жүйелі. Бүгінде қала аумағында мың жарымнан аса сауда нысаны жұмыс істейді. Сауда инфрақұрылымы жыл сайын кеңейіп келеді. Сондай-ақ, он тоғыз атаудан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі өзгеріссіз.  

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкееваның сөзінше, әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты мониторинг арқылы қадағаланады екен. Жұмыс тобының құрамында ауыл шаруашылығы басқармасы, сауда департаменті, кәсіпкерлік бөлімі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері бар. Олар апта сайын баға динамикасын саралап, дүкен және жеткізушілермен байланыс орнатып, бағаны ұстап тұру бойынша шаралар қабылдайды.

 «Қала бойынша 82 сауда нүктесінде «Әлеуметтік сөре» жобасы іске асады. Бұл дүкендерде әлеуметтік тауарлар белгіленген, төмендетілген бағамен, арнайы белгілеумен көзге көрінетін орындарға қойылады. Кәсіпкерлерге әлеуметтік тауарларға үстемеақыны өндіруші бағасының немесе көтерме құнының 15%-ынан аспауын міндеттейтін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. 2025 жылғы 13 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемеақыны арттыруға қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Енді бұзушылық үшін ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады: жеке және шағын бизнеске – 5 АЕК (19 660 тг), орта бизнеске – 35 АЕК (137 620 тг), ірі бизнеске – 150 АЕК (589 800 тг). Ал, қайталанса айыппұл көлемі екі есеге өседі», – дейді бөлім басшысы.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырғаны үшін 135 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 61 субъектіге жалпы көлемі 646 814 мың теңге айыппұл салынған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қолжетімді ету үшін «Тобол» ӘКК АҚ айналым схемасы арқылы өнім жеткізеді. Бүгінде 19 атаудың 13-і осы схема бойынша төмендетілген бағамен саудаланады.

«Қалада бұл тауарлар 40-тан астам сауда нүктесінде, оның ішінде ірі желілерде – «Солнечный», «Астықжан», «Меркурий», «Зетро», «Тамаша», «Сити» және басқа дүкендерде бар. Осы жылдың басынан бері 2740 тонна өнім сатылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 156,8% артық. Ең үлкен өсім көкөніс бағатында байқалды. Ірі қара мал етінің бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Тобол» ӘКК АҚ «Қарасу Ет» ЖШС-не 1,975 млрд теңге қарыз берді. Бұл қаражатқа облысқа 790 тонна сиыр еті жеткізілуде», – дейді Мира Қазкеева.

Қостанайда ет «Дастархан» базарында және «Астықжан» супермаркетінде сатылады. Бүгінде облыс бойынша 62 тонна, оның 89%-ы қалада саудаланады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сонымен бірге сиыр етін келісі 2700 теңгег бағамен тұрақтандыру интервенцияларын жүргізуде.

«Тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтудың тағы бір маңызды тетігі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері 31 жәрмеңке ұйымдастырылып, 3502 тонна өнім  сатылды. Бұл – 2,9 млрд теңгеден астам қаржы. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп қорытты бөлім басшысы.

Қыркүйек–қазанда Қостанай қаласында тұрғындарға арналған бірнеше ауқымды акциялар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Айталық Береке Fest – 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткен болатын. Оған 40-қа жуық сауда желісі қатысып, 10%-ға дейін жеңілдіктер ұсынды. Республика күніне арналған акция – 24–27 қазан аралығында болды. Ол кезде жеңілдіктер 70%-ға дейін жетті.

Сералы МЫРЗАБАЙ