Арқалықтық тәжірибелі пошташы марапатталды

Арқалықтық тәжірибелі пошташы марапатталды

Арқалық қалалық пошта байланысы торабының пошташысы Бану Басар республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, дипломмен және «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.

«Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының «Мамандық үздігі» республикалық конкурсының жеңімпазы, жерлесіміз Бану Серікқызы – тәжірибелі маман, ұжымға сыйлы жан.

– Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдық мерейтойын атап өту барысында осындай жоғары марапатқа ие болып, қуанышымды еселеп отырмын. «Мамандығы бойынша үздік» атағын иелену – мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, бұл марапатты кәсіподақ қозғалысының мерейтойы қарсаңында алу — екі есе қуаныш. Мен осы салада сегіз жылдан бері еңбек етіп келемін. Пошташының жұмысы — оңай емес. Аяз бен аптап, көктайғақ пен лайсаң күндерде ауыр сөмке асынып, әр үйге хат-хабар жеткіземіз. Бірақ, тұрғындардың шынайы алғысын естігенде, барлық қиындық ұмытылып, еңбегіңнің қадірін сезінесің, – дейді үздік пошташы Бану Басар.

blank

Пошташы болу – мамандық қана емес, халыққа адал қызмет ету. Құрметті мамандық иелері хаттар мен газеттерді, зейнетақы мен аударымдарды уақытылы жеткізіп, тұрғындардың сеніміне ие болып келеді.

– Әсіресе, қарттар бізді асыға күтеді, жаңалық тыңдауға, көмек сұрауға дайын тұрады. Кейде олардың өтінішімен дүкеннен керекті заттарын да ала барамыз. Осындай қарым-қатынас біз үшін де маңызды – ол сенім мен жауапкершілікті арттырады. Федерация бастамасымен ұйымдастырылған бұл байқау әр саладағы еңбек адамының абыройын арттырды. Бұл марапат – тек менің ғана емес, қысы-жазы тыным таппай, әрбір үйге ізгі хабар мен қуаныш жеткізіп жүрген барша әріптестерімнің ортақ жеңісі, – дейді еңбек озаты Бану Серікқызы.

Ол орайлы сәтті пайдаланып өзінің сүйікті ұжымына, жергілікті кәсіподақ ұйымына және әрдайым қолдау көрсететін отбасына шексіз алғысын білдірді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

 Суреттерді түсірген – автор