Арқалықта халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр 

Арқалықта халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр 

Қонақтар ұлттық салт-дәстүрімізге сай дәм-тұзбен, ән-күймен қарсы алынды.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ташимов, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ректоры Талғат Ещжанов кіріспе сөз сөйлеп, айтулы ғылыми жиынның ашылуымен құттықтады.

blankАтақты жиһанкез, жерлесіміз, «Дешті Қыпшақ» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақов Амангелді ауданында салынып жатқан «Тәж Торғай» туризм кешенінің тарихты зерделеушілерге көп мағлұмат ұсынып отырғанын тілге тиек етті. Әсіресе, биыл рекордтар тізімін жаңғыртқан «Ұлттық Жады» қабырғасының маңызы зор.

Онда ұлы тұлғалардың есімдері жазылумен қатар, қабірлерінің жер топырағы да қастерлеп сақтаулы.

blank  blank blank

«Ұлы Дала — адамзат өркениетінің алтын бесігі, оның тарихы — бүкіл түркі халықтарының ортақ шежіресі. Ортағасырлық кезең — халқымыздың рухани, мәдени және мемлекеттік қалыптасуындағы шешуші белестердің бірі болды. Дәуірді зерттеу, оны жаңаша ғылыми тұрғыдан зерделеу — өткенге тағзым, болашаққа аманат. Конференцияның мақсаты — ортағасырлық Дешті Қыпшақ тарихын жаңа ғылыми көзқараспен талқылау, ғалымдардың пікір алмасуы арқылы ортақ тарихи жадымызды байыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Жиынымыз әр қатысушыға тың идея мен жаңа серпін сыйлайтынына сенімдімін. Біздің университет үшін мұндай халықаралық деңгейдегі ғылыми басқосуларды ұйымдастыру — зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», – деп атап өтті университет ректоры Талғат Ещжанов.

blank

«Бұл конференция – тек ғылыми пікірталас алаңы ғана емес, біздің рухани тарихымызды тереңнен тануға, бабалар мұрасын жаңа көзқараспен зерделеуге бағытталған үлкен мәдени оқиға деп білемін. Ұлы Дала тарихы – ұлттың рухын көтеретін, бірлігіміз бен тұтастығымыздың бастауында тұрған қазына. Ортағасырлық кезеңдегі Дешті Қыпшақ өркениетін зерттеу – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің өткені мен бүгініне жаңа көзқарас қалыптастырады. Арқалық қаласы – білім мен ғылымды ту еткен киелі шаһар. Осы өңірде өткізіліп отырған халықаралық деңгейдегі ғылыми жиын біздің жас ұрпақтың ғылымға, тарихқа деген қызығушылығын арттырып, қаламыздың да рухани өміріне тың серпін беретініне сенімдімін», –деді қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Қамбарұлы.

blank Конференция барысында шетелдік ғалымдар баяндама жасап, ел тарихы жайлы ой-толғамдарын ортаға салды. Мәселен, ғалымдардың бірі, Египедтен келген құрметті қонақ, Асуан университетінің докторы Абдулазием Гхалваш Мохаммед Риад тыңдаушылар назарына «Египед тарихындағы Қыпшақтар» атты тұщымды баяндамасын ұсынды.

blank blank Қонақтар сапар аясында университет қабырғасындағы ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің музейін де аралап танысты. Естелік кітапқа қолтаңбаларын қалдырды.

blank blank blank blank

«Бұл конференцияға жиырмаға жуық шетелдік ғалымдар тікелей өз аяқтарымен келіп қатысуда. Ұлы дала тарихының ақтаңдақ тұсын зерттейміз. Шынтуайтына келгенде біздің еліміздің тарихы өте бай болғанымен зерттелімдері аз. Сондықтан мұндай конференцияларды өткізудің маңызы өте зор. Халықаралық деңгейдегі ғалымдардың тұжырымдары айтылады. Тарихты тек қана ғалымдар емес, қарапайым адамдар да, студенттер де білуі тиіс. Ғалымдармен байланыс орнатып, өзіндік білім-танымды дамытып, озық нәтижелерге қол жеткізуге болады. Тарихшы болу – табысты болудың кепілі десек қателеспейміз. 2019 жылдан бері елімізде тарих саласына мол зейін аударылып, қаржылай қомақты қолдау көрсетілуде. Сондықтан, ғылыммен айналысу бұл құрметті әрі табысты іс деп нық айта аламыз», – дейді конференция көшбасшыларының бірі, «Жошы ұлысын ғылыми-зерттеу институтының» директоры Жақсылық Сәбитов.

 

 

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

Арқалық қаласы