Сәкен Сейтханұлы: «Ұлы дала жорығы Арқалықтың ажарын аша түсетін ерекше оқиға болмақ»

Сәкен Сейтханұлы: «Ұлы дала жорығы Арқалықтың ажарын аша түсетін ерекше оқиға болмақ»

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» – еліміздің рухын көтеріп, жылқы жануарына деген ұлттық құрметті дәріптейтін айтулы жобалардың бірі. Биылғы жорық Торғай даласында өтті. Бұл – халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отырған жобаның алтыншы мәрте өткізілуі. 500 шақырымға созылған дүбірлі додаға 19 команда қатысты. Жорықтың мәні мен маңызы, алдағы жылы Арқалықта өтуіне байланысты жоспарлар туралы  «Жорық» ат спорты федерациясының өкілі, белгілі журналист Сәкен Сейтханұлымен сұхбаттасқан едік.

  – Сәкен мырза, биылғы «Ұлы дала жорығының» жалпы ұйымдастырылуы, деңгейі туралы не айтар едіңіз?

blank

– Биылғы жорық – шынымен де тарихи мәні терең, мазмұны бай, ұлттық болмысқа сай деңгейде өтті. Торғай даласы – қазақ руханиятының алтын бесігі, жылқы мәдениетінің қайнары. Жорық осы өлкенің табиғи ерекшеліктерін, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттады. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орайластырылғанын да ерекше атап өткім келеді. Алаш арыстарының өмір жолы, бабалар ерлігі – жорық бойына рух болып сіңді. 500 шақырым қашықтық оңай емес. Бірақ шабандоздар мен атбегілердің айтуынша, Торғай даласының бедері, табиғаты, жылқы жүрісіне өте ыңғайлы екен. Бұл – болашақта ат спорты туризмін дамыту үшін таптырмас артықшылық.

 – Ал келер жылы Арқалық қаласында өтетіні туралы шешім қабылданды. Бұл қандай мақсатты көздейді?

– Иә, Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы биылғы жорықтың жабылу салтанатында алдағы жылы Арқалық қаласының 70 жылдығына орай Ұлы дала жорығын Арқалықта өткізуді ұсынды. Бұл – өте орынды әрі тарихи қадам. Себебі Арқалық – ұлттың жүрегіндегі рухани мекен.

Жорықтың Арқалықта өтуі қаланың инфрақұрылымына, туризм әлеуетіне, ішкі мәдениетіне серпін береді. Біз мұны бір спорттық жарыс деп емес, тұтас ұлттық брендке айналып келе жатқан жоба деп қарауымыз керек.

– «Ұлы дала жорығының» еліміздің өңірлеріне әсері қандай? Бұл жобаның түпкі маңызы неде?

– Ұлы дала жорығы  – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Ол арқылы өңірлердің тарихы, табиғаты, мәдениеті насихатталады. Мәселен, осы жолы жорық аясында Кейкі батыр, Амангелді Иманов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалар туралы мол ақпарат берілді. Шетелден келген қатысушылар мен қонақтар бұл өңірдің тарихи тереңдігіне, табиғи көркемдігіне таңдай қақты.

Сонымен қатар, Қостанай тұқымды жылқысының мықтылығы дәлелденді. Жүлдегер атанған командалардың көпшілігі осы тұқыммен шапты. Бұл еліміздің жылқы шаруашылығын дамытуға оң әсер етіп отыр.

 – Жорыққа қандай елдер қатысты? Қай командалар ерекшеленді?

– Биыл Қазақстанның өңірлерімен қоса алғанда бас-аяғы 19 команда қатысты, Ресейден бір, Қырғызстаннан екі команда келді. Тартыс өте жоғары деңгейде өрбіді. Айта кету керек, Қырғызстан командасы жеңіске жетті. Олар бұған дейін екі рет қатысқан. Бұл үшінші рет қатысуы. Бірінші рет көшпенділер аясында қатысқан кезде олардың аттары тоқтап қалып, жарысты жалғастыры алмаған еді. Ал көктемде Алматы облысында өткен Ұлы дала жорығында екінші орынды иеленді. Сөйтіп қырғыз ағайындар мамыр айынан бері тыңғылықты дайындық жүргізіп, сәйкесінше, еңбектерінің жемісін көріп отыр. Осы тұста астын сызып кететін дүние бар. Он тоғыз команданың арасында үздік бестікке кіру оңай шаруа емес. Қостанай облысынан шыққан екі команданы да атап өткеніміз жөн. Бірі бесінші орында келсе, екіншісі жүлделі үшінші орыннан көрінді. Қос команданың да сәйгүліктері нағыз Қостанай тұқымды жылқылар. Осындай жылқылар өздерінің шыдамды екенін, төзімді екенін, күшті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Арқалықтағы дайындық жұмыстары туралы не айтасыз? Қандай жоспарлар бар?

– Жорық уақыты жақындаған сайын дайындық жұмыстары қарқын алады. Әзірге нақты жоспарларды айту ертерек, бірақ басты мақсат – Арқалық қаласының әлеуетін толық көрсету. Қалада тиісті инфрақұрылым, қажетті жағдайлар қарастырылады. Бұл жоба арқылы Торғайдың туризмі дамиды, тарихи тұлғалар кеңінен насихатталады.

Табиғатымен таң қалдыратын, тарихи тұлғаларымен мақтанатын Торғай даласы – әлі де ашылмаған қазына. Сол қазынаны жорық арқылы танытып, жас ұрпақтың санасына жылқыны қасиет тұтқан қазақ рухын сіңіру – басты мұрат. Сапар барысында біз даланың киігін көрдік. Нешетүрлі жан-жануарларды кездестірдік. Осының барлығы жорықшыларды ерекше әсерге бөледі. Бұл даланың көрінісі, тарихи мән-мағынасы туристерді тартады деп ойлаймын. Торғай даласы бұрыннан жылқыға бай өңір. Кейкі батырдың серігі жылқы болған. Амангелді батыр Бірәлі байдың жылқы тұқымынан таңдап мінген. Осы Қостанай жылқысы Бірәлі байдың үйрінен шыққан деген тарихи деректер бар. Бұл жасөспірімдердің жылқыға деген құрметін арттыра түсетіні анық.

 – Өзіңіз туралы да бірер ауыз айтып өтсеңіз…

– Өзім алты жасымнан атқа міндім, бәйгеге шаптым. Кейіннен журналистика саласына бет бұрып, халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Қазақстан-Тараз арнасында, кейін «Qazaqstan», «Хабар» телеарналарында қызмет еттім. Қазір «Жорық» ат спорты федерациясының өкілімін. Ат спорты – мен үшін өмірлік ұстанымға айналған бағыт. Сондықтан осы саланың дамуына үлес қосуды парызым деп білемін. Бұл жорық ұлттық кодты жаңғырту үшін керек. Жылқы – қазақтың жаны. Біз тарихымызды, табиғатымызды, тұлғаларымызды осы жорық арқылы әлемге танытып жатырмыз. Жасөспірімдердің жылқыға деген құрметін арттыру, табиғатты тану, отансүйгіштікке баулу – «Ұлы дала жорығының» ең басты миссиясы. 2022 жылдан бері дәл осы ат спортына қатысты жорықты AMANAT партиясы ұдайы қолдап келе жатыр. Партияның бірегей жобасы деп айтсақ та болады. Дәл осы өткен алтыншы «Ұлы дала жорығыны» Қостанай облысының әкімдігі ерекше қолдады. Сол себепті, барлық мүмкіндікті жасап, атбегілерге де, көрермендерге де Қостанай өңірінің кеңдігін көрсеткен облыс басшылығына, Торғай жұртына ерекше алғыс айтқымыз келеді.

  Әңгімеңізге рақмет!

Айбек ЖҮЗБАЙ