Сарыкөл ауданында қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтіп жатыр.
Мерейтой бағдарламасы «Шығыстың шоқ жұлдызы» атты жиынмен ашылды. Дөңгелек үстелге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков және ақын Ақылбек Шаяхмет, профессор Қалқаман Жақып бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары жиынды ашып, бұл іс-шара Сарыкөл өңірінің ғана емес, тұтас қазақтың мақтанышына айналған ұлы тұлғаға тағзым етуге, оның ардақты есімін, қазыналы мұрасын дәріптеуге арналып отырғанын сөз етті.

Одан әрі белгілі қаламгерлер, зерттеуші ғалымдар, ұлағатты ұстаздар Шоқанның өнегелі өмірі мен еңбек жолы туралы тағылымды баяндамалар жасады.
«Шоқанды дәріптеу — оның өмірі мен шығармашылығын терең түсіну. Оның еңбегін түсіну үшін жан-жақты білім қажет, өйткені ғалымның ғылыми мұралары сан алуан саланы қамтиды. Бар-жоғы 12 жыл ғылыммен айналысса да артына көл-көсір мирас тастап кетті», — деді Қалқаман Жақып.
Профессор облыс орталығында Шоқанның ескерткіші орнатылса, Қостанайда көлемді көрме ұйымдастырылса, ауданда өнер орталығын ашып, оған ғалым есімі берілсе, 200 жылдығына орай осы бастан арнаулы комиссия құрылса деген ұсыныстарын айтты.
«Шоқанға қатысты орыстар да, қазақтар да «Аққан жұлдыз» тіркесін ғана қолдануға әдеттеніп кетті. Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» деген шығармасы да бар екенін жақсы білесіздер. Меніңше, Шоқан — аққан жұлдыз емес, жарық жұлдыз. Тұлғамыздың Ресейдегі ескерткіші әскери адам ретінде бейнеленген. Егер біз мүсінін орнататын болсақ, ғалым екенін айғақтап тұратындай тұрпатта жасалуы керек», — деді ақын Ақылбек Шаяхмет.
Жиында сөз алған өзге де спикерлер даулы мәселеге айналған Шоқанның туған жері туралы пікірлерін де айтты. Кіндік қаны тамған жері Күнтимес қонысы екенін дәлел-деректермен шегелеп айтты. Ғалым өмірінің Ресейдегі кезеңі, биыл өткен экспедиция қорытындысы, туған жерінде атын ұлықтау үшін қолға алынатын жобалар жайында сөз қозғалды. Бақытжан Хаберұлы айтылған ұсыныс-пікірлерді қолдайтынын, Шоқан тойы жыл соңына дейін жалғасып, Қостанайда маңызды іс-шаралар өтетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, күн ұзаққа жоспарланған бағдарлама аясында мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар, өңір өнерпаздары мен эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.
Ақпарат той барысынан жиі-жиі ұсынылып отырады.
Суреттерді түсірген — Айдана МАРАТ
