Ақпараттық-бағдарлмалық кешендерге  жыл сайын салыстырып тексеру тәртібі енгізілді

Ақпараттық-бағдарлмалық кешендерге  жыл сайын салыстырып тексеру тәртібі енгізілді

Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешендерге  қатысты жаңа тәртіп бекітілді. Енді бұл кешендерге жылына бір рет міндетті түрде салыстырып тексеру жүргізіледі.

Бұл туралы 2025 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің №62-НҚ бұйрығында айтылған.

Аталған шешім 2025 жылғы 25 маусымда өткен №2 ғылыми-техникалық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес қабылданды. Жаңа талапқа сәйкес, АБК-нің салыстырып тексеру аралығы бірыңғай тәртіппен 1 жыл болып бекітілді.

«Бұл бастама автоматты бақылау құралдарының жұмыс сенімділігін арттыруға, сондай-ақ олардың техникалық қызмет көрсетуі мен салыстырып тексерілуіне қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған. Жүйелі түрде жүргізілетін тексерулер кешендердің жұмысына уақытылы бақылау жүргізуге, ықтимал ауытқуларды ертерек анықтауға және жалпы жол қозғалысын бақылау жүйелеріне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін берілген салыстырып тексеру сертификаттары өз күшінде қалып, олардың мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып есептеледі», – делінген ресми мәлімдемеде.

Бұл өзгеріс — жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды қадам. Жол қозғалысын автоматты бақылау жүйелерінің техникалық дұрыстығын қамтамасыз ету арқылы Қазақстанда жол ережелерін сақтау мәдениеті мен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етілмек.