Жаңа Салық кодексі: Бизнес пен әлеуметтік саладағы негізгі өзгерістер

Жаңа Салық кодексі: Бизнес пен әлеуметтік саладағы негізгі өзгерістер

Осы жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Құжатта елдегі салық жүйесін оңтайландыру, бизнеске түсетін жүктемені азайту және экономикалық белсенділікті ынталандыруға бағытталған маңызды өзгерістер қарастырылған.

Осыған байланысты экономикалық саясатты түсіндіру және жаңа Салық кодексінің нормаларын талқылау үшін облысқа орталық мемлекеттік органдардың өкілдері келді.

Жұмыс тобы құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Күлназаров және ауыл шаруашылығы министрлігі Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Нариман Ильясов бар.

Жаңа кодекс бойынша салықтық есептілік көлемі 30 пайызға қысқарады, салық түрлерінің саны 20 пайызға азаяды. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер оңтайландырылып, дифференциалды ставкалар енгізіледі. Бұл тәсіл экономиканың әр секторының ерекшелігін ескеруге және әділ салық жүктемесін қалыптастыруға жол ашпақ. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі бұрынғыдай 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда әлеуметтік сала ұйымдары үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған: 2026 жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10% мөлшерінде белгіленеді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұрынғыдай 3% ставкамен жұмыс істейді. Ал құрылысқа, жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға, сондай-ақ оларды қайта құруға және жаңғыртуға жұмсалған шығындар бойынша 100%-дық шегерімдер қарастырылған. Бұл өндірістің дамуына және бәсекеге қабілеттіліктің артуына қуатты серпін береді.

Жаңа кодексте жеке табыс салығына прогрессивті ставкалар енгізіледі.

Мәселен, жеке тұлғаның жиынтық жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (33,4 млн теңге) асқан жағдайда, артық сомаға 15% ставка қолданылады.

Дивидендтер бойынша 230 мың АЕК-ке дейінгі табысқа 5% ставка, ал асып кеткен бөлігіне – 15% ставка белгіленген. Жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін 230 мың АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% ставка, одан асқан бөлігіне – 15% ставка қолданылады.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін 70% жеңілдікті ескере отырып, ставка 230 мың АЕК-ке дейін – 3%, одан асып кеткен бөлігіне – 4,5%.

Жеке тұлғаларды салық салудағы жаңалықтардың бірі – мұрагерлікке қалдыру және елден тыс жерге шығу жағдайларын қоспағанда, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін ЖТС-тан босату.

Жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы төмендетілді: пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін – 30%-ға, 20 жылдан асса – 50%-ға азаяды.

blank

I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Ескі көліктерге салынатын салық төмендейді: 10 жылдан асса – 30%, 20 жылдан асса – 50% жеңілдік беріледі.

blank

«Сонымен қатар «сән-салтанат салығы» жеке түрде енгізілмейді, бірақ қымбат жылжымайтын мүлікке, автокөлікке, әуе және теңіз кемелеріне, сондай-ақ қымбат алкоголь мен темекіге жоғары салық жүктемесі қарастырылған», – дейді Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді. Айлық табысы 300 АЕК-тен аспаған жағдайда ставка 4 пайызды болады және ол толықтай әлеуметтік төлемдерге бағытталады.

Сондай-ақ, оңайлатылған декларация режимі енді жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейінгі бизнеске арналған. Қатысушылар ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатылады.

Арнайы салық режимдері оңтайландырылды. Нәтижесінде олардың саны жетіден үшке дейін қысқарды:

1) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;

2) оңайлатылған декларация негізінде;

3) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тәсілдер өзгеріссіз қалды, бірақ тәртібі жеңілдетілді: ставка енді салық салынатын табыстың 3% деңгейінде белгіленген.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді. Айлық табыс 300 АЕК-тен аспаған жағдайда ставка 4%-ды құрайды, ол толық көлемде әлеуметтік төлемдерге (МЗЖ, МӘМС, ӘМСҚ) бағытталады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі жаңа режим қазіргі қолданыстағы екі режимді біріктіреді және жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейінгі (2,4 млрд теңге) бизнеске арналған. Бұл ретте пайдаланушылар ҚҚС пен әлеуметтік салық төлеуден босатылады, ал 24 мың АЕК табыс шегінен асқан жағдайда еңбекақы қоры есебінен база азайтылады.

 

Медикаменттер мен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС ставкалары енгізіледі: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.

ҚҚС-тан кепілдендірілген тегін медициналық көмек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі тауарлар мен қызметтер, сирек кездесетін және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу босатылады.

Отандас БАҚ-ты қолдау мақсатында мерзімді баспасөз басылымдарын өткізуде ҚҚС ставкасы 10% мөлшерінде белгіленеді, ал отандық кітаптарды өткізу, археологиялық жұмыстар және кітап шығару қызметтері салықтан толық босатылады.

Өңдеу саласын қолдау үшін Қазақстанда өңдеуге әкелінген шикізат импорты бойынша ҚҚС төлеуді 1 жылға дейін кейінге қалдыру құқығы берілді.

Қосылған құн салығы: экономикалық теңгерім сақталады. Қосылған құн салығының базалық ставкасы 16 пайыз деңгейінде белгіленді. Осылайша республикалық бюджеттің кірісі артып, әлеуметтік саланы қаржыландыруға болады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.

«Қосылған құн салығы – республикалық бюджеттің ең ірі кіріс көзі, бұл бюджет мүдделері мен бизнесті қолдау арасындағы теңгерімді сақтаудың оңтайлы деңгейі. Есептеулерде болжамды кірістер, серіктес елдердегі салық жүктемесінің салыстырмалы талдауы, сондай-ақ отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету міндеті ескерілді. Қосымша түсімдер шамамен 3-4 трлн теңге. Бұл – жолдарға, мектептерге, ауруханаларға, инфрақұрылым мен қорғанысқа, сондай-ақ дамуға жұмсалатын қаражат. Ставканың осы деңгейге дейін көтеру арқылы, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, Ұлттық қорға түсетін жинақтарды тұрақтандыруға, азаматтардың өмір сапасын арттыратын басым жобаларды қаржыландыра аламыз», – деді Ерлан Сағынаев.

Сондай-ақ, дифференциалды ставкалар енгізіліп жатыр. Қазіргі кезде кәсіпорындардың тек 4%-ы ғана ҚҚС төлейтінін, ал арнайы режимдер ҚҚС-тан босатылғанын атап өткен жөн. Сондықтан ҚҚС ставкасының өсуі шағын және орта бизнестің басым бөлігіне әсер етпейді. Ал шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді және бұл норма сақталмақ.

Заңды тұлға ретінде тіркелген ауыл шаруашылығы өндірушілері ҚҚС-ты белгіленген мөлшердің 30%-нан 20% мөлшерінде төлейтін болады, яғни жүктеме төмендетіледі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген

Бердіболат Көркембаев