Қостанайда Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткіші ашылды

Қостанайда Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткіші ашылды

Тобыл-Торғай өңірі үшін тарихи күн. Қостанай қаласында ұлт руханиятының жанашыры, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай тұлғаға арналған монументалды ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Бұл ескерткіш – халқының жарқын болашағы үшін күрескен арысқа деген ұрпақтың шексіз құрметінің айқын көрінісі.
Салтанатты іс-шара Қостанай қаласындағы Міржақып Дулатов көшесіндегі саябақта өтті.

blank

Ашылу салтанатына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, белгілі жазушы Төлен Әбдік және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Міржақыптың тойы – тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, тәуелсіздік үшін күрескен Алаш зиялыларының асыл мұрасын жаңғыртқан айтулы оқиғаға екені сөзсіз. Рәсімнің басты бөлігінде сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

blank

«Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз, – делінген Президент құттықтауында.

Жалпы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы облыс, республика деңгейінде кең ауқымда атап өтілуде. Бүгін Торғай ауылында халықаралық ат марафоны «Ұлы дала жорығы» аламан бәйгесі басталады. Тұлпарлар Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырымдық марафонда бақ сынайды.

Бұдан бөлек, міржақыптануға арналған ғылыми конференция мен дүлдүл ақындардың басын қосқан республикалық айтыс өтеді.
Мәжіліс спикері бұл айтулы іс-шаралар мемлекеттің, ұлтының Алаш арысына берген бағасы, көрсеткен құрметі екенін атап өтті.

blank

«Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан жақты қолдауын тауып отыр. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы», – деді Ерлан Қошанов.

Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен Міржақып Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, Алаш қайраткерінің рухына тағзым етті.

blank

Жаңа ескерткіштің мүсіндік портреті қоладан, тұғыры гранит тастан жасалған. Оның биіктігі үш жарым метр. Мүсін авторлары – белгілі мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов пен Тимур Ермұхаметов.

Бұл тарихи оқиға – «Оян, қазақ!» деп ұрандатқан ұлт арысының есімі мәңгі жасай беретінінің, оның мұрасы ұрпақ санасында жаңғырып тұратынының дәлелі.

Сералы МЫРЗАБАЙ