Бұл акция – өткен жылы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастаманың жалғасы. Президент «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын бекітіп, ел көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен сақтау ісіне басымдық беруді тапсырған болатын. Бұл бастаманы қолдап, көктемнен бері облыс көлемінде түрлі сенбіліктер мен абаттандыру шаралары өткізілуде.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Зияда Бисақалованың айтуынша, бұл шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, студенттер, жастар ұйымдары және тұрғындар белсене қатысып отыр.

«Басты мақсат — еліміздің экологиялық тазалығын сақтау. Бұл — болашақ ұрпақ үшін қажет. Қоғамда табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, халықты да осы іске тартқымыз келеді. Бұл тек бастамасы, мұндай акциялар әлі де жалғасады. Барша тұрғындарды табиғатымызды аялауға, жерімізді таза ұстауға шақырамыз», – деді Зияда Бисақалова.
Акция барысында қапшық арқалаған жасы да, кәрісі де бірігіп, бұрынғы химиялық зауыттың маңын тазартты.

Қатысушылардың қатарында қаладағы шығармашылық орталықтың аула сыпырушысы Ниязбек Нүкеев те бар. Ол бұл мекемеде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.

«Бәрі жақсы өтіп жатыр. Бірігіп істеген іс – нәтижелі болады. Бірлік болса – береке болады. Бұл акция тек тазалық емес, халықты ұйымшылдыққа шақыратын бастама деп ойлаймын», – дейді Ниязбек Нүкеев.
Шараға қатысқандар арасында осыдан он шақты жыл бұрын зейнетке шыққан Шапай Мұсанов та болды. Бұрын өрт қауіпсіздігі саласында қызмет атқарған ол, бүгінде қаладағы емханалардың бірінде электр маманы болып еңбек етуде. Тазалық жұмысына ерекше жауапкершілікпен қараған Шапай аға:

«Бізге жиырма метр аумақты тазарту тапсырылды. Бұйырса, бүгін аяқтаймыз. Жан-жағымыз таза болса, өзімізге де жақсы», – деп көзіндегі от, бойындағы жалынын байқатты.
Экологиялық сенбілікке жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ерікті жастар да атсалысты.

Олар тазалық жұмыстары арқылы қоғамға оң үлгі көрсетіп, қатарластары арасында экологиялық мәдениетті насихаттауды мақсат етеді.

«Президентіміз бастама көтеріп, ел көлемінде үлкен жұмыстар атқарылуда. Бірнеше тонна қоқыс шығарылып, ағаштар отырғызылды. Мұндағы мақсат – қоршаған ортаны ғана емес, адамдардың санасын да тазарту. Жолда келе жатып, қоқысты жерге емес, арнайы жәшікке тастауға дағдылануымыз керек», – деді AMANAT партиясының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрайымы Аружан Сәрсенбаева.
Акция аясында еріктілер Федоров тас жолының бойын да тазалап шықты.

Шараға белсенді қатысып жүрген жастардың бірі Руслана Қарпықова.

«Мұндай сенбіліктерге жиі қатысып тұрамыз. Халықтың санасына тазалықты сіңіру үшін мұндай шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұруы керек. Сонда ғана жастар арасында тазалық мәдениеті қалыптасады», — дейді Руслана.
Жиналған қоқыстар арнайы техникалармен шығарылып, өңдеуге жіберілді. Қатысушылар мұндай шараларға алдағы уақытта да атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.
«Біз еліміздің тазалығы үшін қолдан келгенше үлес қосып жатырмыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп санаймын», – деді шараға қатысқан белсенді Еркеназ Пренебекқызы.
Қостанайда өткен бұл экологиялық акция – ел ішінде табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Мемлекеттік мекемелер мен қарапайым тұрғындардың, жастар мен зейнеткерлердің бірлесіп жұмылуы – қоғамдағы жауапкершіліктің, бірліктің, экологиялық сана-сезімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тек тазалық акциясы емес, болашақ ұрпақ үшін жарқын әрі жасыл әлем қалдыру жолындағы ортақ іс.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ
