Қостанайдағы қалалық ауруханаға Қазақстанға белгілі нейрохирург, жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев арнайы келіп, ми қан тамырларына бірнеше ота жасап, науқастарды қабылдады. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырылып, білгенімен бөлісті.
Белгілі хирург 2013 жылдан бері Қазақстанның түрлі өңірлерінде шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Бұған дейін мұндай іс-шаралар облыстық ауруханаларда ұйымдастырылған болатын. Басты мақсат – жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру, халықтың сапалы медициналық қызметке жол ашу.

– Ауруханада барлық қажетті құрылғылар орнатылған. Олар дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, нәтижесін де жақсартады. Жергілікті дәрігерлер кем дегенде бірнеше отаны өз қолымен жасап үйренуі тиіс. Мен олардың әрқайсысына бағыт-бағдар беріп, тәжірибесін жетілдіруге көмектесемін. Болашақта Қостанайдың өз мамандары мұндай оталарды еркін жасай беретін болады. Бұл ең алдымен адам өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.
Қалалық аурухана соңғы жылдары жаңа медициналық жабдықтармен толықтырылып, заманауи ангиограф, компьютерлік томограф, микроскоп секілді аса қажет құралдар орнатылған. Дәл осы технологияларды тиімді пайдалану үшін тәжірибелі маман арнайы шақырылып отыр.
Ми қан тамырларына жасалатын операция – медицина саласындағы ең күрделі бағыттардың бірі. Ол үшін жоғары кәсіби дайындық пен ерекше ұқыптылық, жаңа технологиялардың тілін меңгеру керек. Бұған дейін мұндай оталарды Қостанай тұрғындары елордаға барып жасатуға мәжбүр болатын. Алдағы уақытта бұл қажеттілік жойылып, облыс тұрғындары сапалы медициналық көмекке өз өңірінде қол жеткізе алатын болады.

– Алдағы уақытта өз күшімізбен осындай күрделі оталарды істей беретін боламыз. Медицинаның үздік жетістіктерін игеру заман талабы. Сол себепті біз де ұжым болып жаңа технологияларды толық меңгеруге тырысып жатырмыз. Осы жолғы шеберлік сабағы аясында 10 науқасқа ота жасалады. Негізінен 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтарға көмек көрсетілмек. Дегенмен, әрбір науқастың жағдайына байланысты қарсы көрсетілімдер ескерілуде. Дәрігерлер үшін де мұндай тәжірибе жинақтаудың маңызы зор, – дейді қалалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
