Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы жаңа өрт сөндіру техникаларымен толықты

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы жаңа өрт сөндіру техникаларымен толықты

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен алынған сегізжаңа өрт сөндіру автокөлігінің кілттері ұжымына табысталды.

Салтанатты шараға   Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляповпен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Бексұлтан Мейірбеков қатысты.

blank

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи экожүйені сақтау мақсатында табысталған бұл техникалар — қорықтың материалдық-техникалық базасын айтарлықтай күшейтпек. Заманауи талаптарға сай HOWO маркалы автоцистерналар отандық «Qaz Tehna» зауытында құрастырылған. Әрбір техника дала өрттерімен күресуде жоғары тиімділікке ие, су сыйымдылығы үлкен, арнайы өрт сөндіру жабдықтарымен жарақтандырылған.

Науырзым ауданының әкімі Мәди Өмірзақұлы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті:

blank

«Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы – еліміздің аса құнды экожүйелерінің бірі. Мұндағы флора мен фаунаны сақтау – біздің басты міндетіміз. Жаңа техникалар қорық қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, орман және дала өрттерінің алдын алуда зор көмек көрсетеді. Бұл – мемлекеттің табиғатты қорғауға деген нақты қамқорлығының көрінісі. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын табатынына сенемін», – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде, қорық әкімшілігі мен қызметкерлері қолдау көрсеткен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне және жергілікті атқарушы органдарға алғыстарын білдірді.

blank

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұндағы табиғи байлықты сақтау үшін үздіксіз бақылау мен қазіргі заманғы техникалық қамтамасыз ету аса маңызды.

Жаңа өрт сөндіру техникасының табысталуы – қорықтың қауіпсіздігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта табиғатты қорғау саласында атқарылатын жүйелі жұмыстар мен жаңғырту шаралары жалғасатын болады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Науырзым ауданы