Жітіқарада тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Жітіқарада тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін ауданда тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар ең алдымен баспанаға мұқтаж азаматтардың кезегін қысқартуға және қаланың көркін ашуға бағытталған.

 «Ауданда тұрғын үй кезегінде 688 азамат тіркелген. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататындар – 397 адам, жетім балалар – 127, көпбалалы отбасылар – 13 және бюджет саласының қызметкерлері – 151 адам. Қазіргі уақытта тұрғын үйге кезекке тұру процесі «orken.otbasybank.kz» жүйесі арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ, кезекте тұрған азаматтардың тізімін жариялау жұмыстары қолға алынған. Кезекті қысқарту мақсатында жеке құрылыс салушылардың қаржысы есебінен бос тұрған екі ғимаратты тұрғын үйге айналдыру жұмыстары атқарылуда. Бұл нысандар кейін халықтың әлеуметтік осал топтарына ұсынылатын болады. Жалпы ауданы 2862 шаршы метрді құрайтын аталған ғимараттардан 67 пәтер шығарылады деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін бұрынғы Пионерлер үйі пайдалануға берілмек. Оның жалпы аумағы 981,4 шаршы метр, онда 24 пәтер қарастырылған. Ал бұрынғы Профилакторий ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Аумағы 1881 шаршы метрді құрайтын бұл нысаннан 43 пәтер жасақталып, жоба 2026 жылы аяқталуы көзделіп отыр», – деді аудан әкімі.

Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларының қанағаттанарлықсыз жағдайы өзекті мәселе болып отыр. Қалада барлығы 183 көппәтерлі үй бар, оның ішінде 24-і күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Бұл мәселе жыл сайын кезең-кезеңмен шешіліп келеді. 2012-2024 жылдар аралығында 60 үйдің шатыры жөнделді. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 159,9 млн теңгеге бес үйдің шатыры жөнделуде, оның төртеуі аяқталды. Жұмыстардың нәтижесінде нашар жағдайдағы шатырлардың пайызы 13-тен 10 пайызға дейін қысқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – дейді аудан әкімі.

Қала мен ауылдарды абаттандыруға 133 млн теңге бюджет қаражаты бөлінген. Қала аумағында бес балалар ойын алаңы орнатылды. Сонымен қатар, қалада жалпы ұзындығы 3,1 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолдары және «Универмаг» дүкенінің жанында автокөлік тұрағы салынды. Бұл жобалардың барлығы қаланың келбетін жақсартуға бағытталған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жітіқара ауданы