Бүгінде облыс бойынша 11-13 жас аралығындағы 5562 қыз балаға вакцина салынуы тиіс. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда бірінші дозамен 3541 қыз бала егілген. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 63,3 пайызын құрайды.
Қостанай облысында адам папилломавирусына (АПВ) қарсы екпе егу жұмыстары жалғасуда. Бұл вакцина жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуда тиімділігі дәлелденген профилактикалық шаралардың бірі.
«Вакцинация екі кезеңнен тұрады. Екінші доза алғашқы дозадан алты ай өткен соң салынады. Бүгінгі таңда толық курстан өткен қыз балалар саны – 1773. Бұл жалпы санның 31,8 пайызын құрайды. Екпеден кейін ешқандай асқынулар немесе кері реакциялар тіркелген жоқ», – дейді департамент басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Мамандардың айтуынша, АПВ бірнеше жолмен берілуі мүмкін: тұрмыстық жанасу, жыныстық қатынас, анадан балаға және дененің бір бөлігінен екіншісіне тасымалдану арқылы. Ғалымдар жатыр мойны қатерлі ісігінің даму себебі ретінде көбінесе осы вирустың ағзаға енуімен байланысты екенін дәлелдеген.
Вакцинация мектептердегі егу кабинеттерінде және тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда тегін жүргізіледі. Екпе алу үшін ең алдымен ата-ананың немесе заңды өкілдің жазбаша ақпараттық келісімі қажет. Сонымен қатар, дәрігер баланы тексеріп, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана екпе жасалады. Препарат иықтың дельта бұлшықетіне енгізіледі.
Қазіргі таңда вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді. Себебі бұл тек екпе салу шарасы ғана емес, келешек аналардың денсаулығына бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Баланың ертеңгі денсаулығы – бүгінгі дұрыс шешімге тікелей байланысты екенін ескерсек, АПВ-ға қарсы екпе – қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы.
