Сақтансаң – сақтайды

Сақтансаң – сақтайды

Облыс полицейлері 2024–2026 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, тұрғындарға сақтық шараларын ұмытпауға кеңес беруде.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 600-ден астам мүлік ұрлығы тіркелген. Оның ішінде, пәтерден – 170 дерек, ұялы телефон ұрлығы – 126 жағдай, қалта ұрлығы – 27 оқиға, велосипед ұрлығы – 85 дерек, автокөлік салонынан – 24 дерек анықталған.

Полицияның хабарлауынша, мұндай қылмыстардың көпшілігі тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауынан туындайды.

«Ұрлықтың алдын алу үшін үйден қысқа уақытқа шыққанда да есік пен терезені жабу қажет. Қоғамдық орындарда телефоныңызды қараусыз қалдырмаңыз, ал сөмкеңізді әрқашан көзіңіздің алдында ұстағаныңыз жөн. Велосипедті аз уақытқа қалдырсаңыз да, құлыптап қойған дұрыс. Сондай-ақ, көлік салонында бағалы зат қалдырмауды әдетке айналдырған абзал», – дейді полицейлер.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары тұрғындарға бейнебақылау камерасын немесе дабыл қондырғысын орнатуды ұсынып отыр. Подъезд немесе аулада күмәнді адамдарды байқасаңыз, назар аударып, қажет болған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.

Сералы МЫРЗАБАЙ