Конституцияның 30 жылдығы: 23 қостанайлық тегін заң кеңесін алды

Конституцияның 30 жылдығы: 23 қостанайлық тегін заң кеңесін алды

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру және Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай республикалық «Ашық есік күні» акциясы өтті. Шара Қостанай облысының барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылып, азаматтарға тегін және білікті заң көмегі көрсетілді.

Аталған іс-шаралардың мақсаты – азаматтардың білікті заң көмегін алу жөніндегі конституциялық құқықтарын іске асыру және құқықтық көмектің қоғамның барлық топтары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Облыс орталығындағы акция Қостанай облыстық адвокаттар алқасында өтті. Үш сағатқа созылған қабылдауға 23 азамат келіп, әрқайсысы өз мәселесі бойынша заңгерлерден кеңес алды.

Тұрғындар көбіне алаяқтық әрекеттер, отбасылық және еңбек даулары, мүлікті бөлу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды рәсімдеу, жер учаскесі мен саяжайды тіркеу, залалды өндіру, сондай-ақ алимент өндіру, нотариаттық әрекеттер және мүліктік құқықтарды қорғау  мәселелері жөнінде сұрақтар қойды.

Адвокаттар алқасының мүшесі Ксения Горячая азаматтарға заң тұрғысынан түсініктеме берді. Оның айтуынша, некені бұзған жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ меншігінің құны тең бөлінеді. Сондай-ақ, ол баланы шетелге шығару үшін ата-ананың рұқсатына қатысты сұрақтарға да жауап берді.

Акцияға қатысқан Астана қаласының тұрғыны Милана Гартман өз әсерімен бөлісті.

«Бұл шара туралы таныстарымнан білдім. Әдетте адвокат кеңесі ақылы, ал мұнда тегін болды. Жолдасыммен ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті қалай бөлуге болатынын білгім келді. Адвокаттан нақты әрі пайдалы жауап алдым», – деді ол.

Іс-шаралар барысында азаматтар өздерін толғандырған құқықтық сұрақтар бойынша білікті заң көмегін, жауаптар мен ұсыныстар алды. Мұндай акциялар нақты мәселелерді шешуге ғана емес, жалпы қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта осындай тегін құқықтық көмек көрсету акциялары жалғасады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ