Әулиекөлде алғашқы сүт фермасының құрылысы басталды

Әулиекөлде алғашқы сүт фермасының құрылысы басталды

Нысан Жосалы ауылының маңында салынуда. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына жұмыс сапары барысында алдымен тыңнан бой көтеретін ферманың орналасатын жерінде болды.

Құрылыс жұмыстары биыл басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Қазір ферма салынатын жерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда голштино-фриз тұқымды мың бас ірі қара малы ұсталып, жылына 9 мың тонна сүт өндірілмек.

«Осы жылы инвестициялық жобаны қолға алдық. Яғни сүт-тауар фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 5 млрд 400 млн теңге. Оның 4 млрд 770 мың теңгесі Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілді. Ал 605 млн теңге жеке қаржымыздан салдық. Аумағы алты мың гектарға жуық. Оның 5228,9 гектары шабындық, 698 гектары жайылым. Қалған аумаққа дәнді-дақылдар егілетін болады. Бүгінгі аумақта жер тегістеу жұмыстары атқарылды. Материалдарды сатып алдық. Енді толығымен күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Жем-шөп базасы дайын. Мың сиырды Ресейден және өзімізден аламыз. Еуропадан да тапсырыс беруіміз мүмкін», – деді «Белый аист» ЖШС директоры Талғат Тапаев.

Қазір Меңдіқара, Федоров және Алтынсарин аудандарында төрт заманауи сүт-тауар фермасы салынуда. Алдағы жылдары жалпы инвестиция көлемі 20,7 миллиард теңгені құрайтын тағы бес ферманың құрылысы басталады.

blank

«Бұл жыл сайын қосымша 30 мың тоннадан астам сүт өндіруге және 180 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осындай жобалардың бірі Әулиекөл ауданы Жосалы ауылының маңында жүзеге асырылуда. Мұнда жылына 9 мың тонна сүт өндіретін, 43 жаңа жұмыс орны бар ферма ашылады. Жобаның құны – 5,375 миллиард теңге, оның 605 миллионы — кәсіпорынның меншікті қаражаты, ал 4,77 миллиарды — «Тобыл ӘКК»АҚ несиесі. Құрылысқа арналған учаске-9,9 гектар. Біз жұмысты 2025 жылдың қыркүйегінде бастаймыз, оны 2026 жылдың қарашасында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мұндай жобаларды іске қосу оңай емес. Мұнда мал азығын дайындау, рационды дұрыс құрастыру өте маңызды», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Екінші күзгі жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты. Осы жылы Әулиекөлде дәнді және бұршақты дақылдар 213 мың гектар алқапқа егілген. Майлы дақылдардың үлесі 23 мың гектар. Көкөніс дақылдары мен картоп алқабы 46 гектарға дейін ұлғайып отыр.

«Егіс алқаптарын 1337 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Қосымша 387 тонна алуға өтінім берілді. Жыл басынан бері 1,3 млрд теңгеге 60 техника алынды. Жүз мың тоннаға таяу шөп дайындалды. Бір жарым жылдық жем-шөп қорын дайындау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ 61 шаруашылыққа 3,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Тауар өндірушілерді қолдау үшін «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 4 млрд теңге сомасына 26 несие берді. Он шаруашылық «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ арқылы 483 млн теңге сомасына 9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға қатысуда. «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 17 шаруашылыққа 2,2 млрд теңге берілді. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 2,4 млрд теңге сомасына несие қаражаты бөлініп, 9 шаруашылыққа 1,7 млрд теңге берілді», – деді Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі салаларының бірі болғандықтан, оны дамытуға басымдық берілетінін жеткізді.

blank  blank blank

Биыл мемлекеттік қолдаудың барлық түрлері бойынша 207 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл бұрыңғыға қарағанда 20 пайыз артық.

blank

«Алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру өткен жылдың қараша айында басталды. Бұл мақсатқа үкімет 700 млрд теңге бөлді, бұл аграршыларға тұқымдарды, тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық жұмыстарды сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Минералды тыңайтқыштарды арзандату үшін облыс бюджетінен 10 млрд теңге бағытталды, бұл олардың құнын 60%-ға төмендетті. «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы бойынша ҚазАгроҚаржы арқылы 2024 жылы облыста техниканың 6% жаңартылды — 1,3 мың бірлік сатып алынды. Биыл қаржыландыруды 200 млрд теңгеге дейін ұлғайта отырып, 7% көрсеткішіне қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті салық салуды пайдаланады: орта есеппен шаруа қожалықтары жылына шамамен 700 мың теңге, ал ірі кәсіпорындар – шамамен 19 млн. теңге төлейді. Бүгінгі таңда бизнес алдында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу, өндірісті дамыту, жұмыс орындарын құру және Ауылда өмір сүру сапасын арттыру міндеті тұр», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

blank

Одан кейін аудан орталығында сыртқы инженерлік желілері бар 24 пәтерлі тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. Мердігер «Елорда Инвест Строй» ЖШС өз қаржысы есебінен ауданы 1441 шаршы метр болатын тұрғын үйді қайта жаңғыртып жатыр. Іске қосылғаннан кейін үй әлеуметтік осал азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін берілетін болады.

blank

«Жобаға инженерлік желілер, абаттандыру, көгалдандыру және шағын сәулет нысандары кіреді. Сараптама жасатқанда негіздерін бекіту қажет деді. Бір тексеріс жүргізген соң барлық ескертпелердің орынын толтырып, жұмысты түгел атқарып шықтық. Үш ұабат, екі кіреберіс, 24 пәтер бар. Құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталды. Жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Көгілдір отынмен жылытылатын болады», – деді «Елорда Инвест Строй» ЖШС директоры Мағжан Жаңабаев.

Тұрғын үй пайдалануға берілген соң аудандағы үй кезегінде тұрғандарды 7,2 пайызға төмендетуге мүмкіндік туады.

blank

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – біздің әлеуметтік саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, біздің азаматтарымыз үшін жасауға міндетті шындық». Осы мақсатта біз жыл сайын құрылыс қарқынын арттырып келеміз, тек екі жылдың ішінде тоғыз мыңнан астам отбасын қоныс тойымен қамтамасыз етіп, мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салдық. Биыл біз 500 мың шаршы метр салуды жоспарлап отырмыз – бұл 6,5 мың пәтер. Облыс орталығында «Астана» және «Бәйтерек» жаңа аудан белсенді дамып келеді. 10 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 13-і салынуда. Барлығы жоба толық әлеуметтік инфрақұрылымы бар 150-ден астам көппәтерлі үйді-мектептерді, балабақшаларды, медициналық мекемелерді, дүкендерді, саябақтарды және спорт нысандарын қарастырады», – деді Құмар Ақсақалов.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған
облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Әулиекөл ауданы