Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейі ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараға қатысу үшін жолға шықты.
Еліміздің барлық аймағынан жиналып жатқан бұл айтулы көрмеге музей ұжымы Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен бірлесіп қатысуда. Көрмеге Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына және Қостанай облысының тарихына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне қатысты тарихи жәдігерлер мен құнды экспонаттар қойылып, көпшілік назарына ұсынылуда.
Бұл тағылымды іс — шара қазақ руханиятының алыбының атын асқақтатып, мол мұрасын насихаттайтын маңызды мәдени басқосу болмақ.

«Діттеген жерімізді мыңдаған шақырымды артқа тастап аман-есен жеттік. Бұл біз үшін тек жай сапар емес, жүрекпен сезінетін, тағзым етіп, тарихпен сырласатын рухани іс-сапар. Ұлы Абай бабамыздың торқалы тойы құтты болып, жас ұрпақ тағылымынан сусындай берсін», –дейді Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінің директоры Рауан Терек.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы тек қана Семей, Абай облысында ғана емес, әр өңірде ерекше аталынып тойлануда.
Абай облысының Қарауыл ауылында 200 ден астам киіз құрылып барлық облыстар өз тарихы мен мәдениетін халық назарына ұсынуда. құнды жәдігерлері белгіленген жерге Қостанай облысының киіз үйіне апарған барлық жәдігерлер қойылды.
Сапар барысында жерлестеріміз ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған, мәңгілік тыныс тапқан қасиетті Жидебай жеріне аялдады. Бұл мекен қазақ руханиятының қасиетті қара шаңырағы. Мұнда Абай мен Шәкәрімнің мемориалдық кешені орналасқан. Сонымен қатар, ұлы ойшылдың әжесі Зеренің және анасы Ұлжанның мәңгілік мекені де дәл осы жерде.
Абайдың Жидебайдағы қорығы — тек тарихи орын ғана емес, ұлттың рухани өзегі. Бұл жерде әрбір тас, әрбір белес — ұлттың ұлы мұрасын, Абайдың мол мұрасын, терең ойы мен тағылымды жолын еске салып тұрады.
Мұрат Жүнісұлы