Қостанай облысы Қазақстанда жолдарының ұзындығы жөнінен көш бастап тұр. Сәйкесінше, олардың күтім-бабы да күн тәртібінен түспейді. Қаржыландыру көлемі жыл санап ұлғайып келе жатыр. Биылғы жоспар да ауқымды. Облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдегі жол құрылысы талқыға алынды.
Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында инфрақұрылым мәселелерін шешудің маңыздылығына ерекше ден қойған еді. Автожолдар желісін жақсарту ел жүзінде басты назарда ұсталып отыр. Біздің өңірде де бұл салаға құйылған қаржы қомақты. Биыл 102 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылғыдан 40% жоғары. Қазір жол салу, күрделі жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстары қалада да, ауылда да қызу жүріп жатыр.
«Осы жылы бөлінген қаржыға жалпы қолданыстағы 1300 шақырым жол, 103 елді мекенде 400-ден астам көше жөнделеді. Тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет 57 ауылдың кірме жолы жөндеуден өтеді. 98 ауылда 293 көшеге бірінші рет асфальт төселеді. 29 шілдедегі мәлімет бойынша, жергілікті маңызы бар 481 км жол жаңартылды», – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Алмас Есенжолов.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл көшелерін жөндеуге 4 млрд теңге, облыс қазынасынан 25,1 млрд теңге бағытталған. Бұдан бөлек, құрылыс-монтаждау жұмыстарына бақылау жүргізуді күшейту мақсатымен облыс бюджетінен 442 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде автожол жобаларының сапасын қадағалау, олқылықтарды түзеу жоспары толықтай орындалды.
«Егер ескертпелерді түзеу жөніндегі кепілдік міндеттемелер белгіленген мерзімде орындалмаса, мердігерлерді сот тәртібімен олқылықтарды жоюға мәжбүрлеу шараларына кірісу керек, – дейді Алмас Есенжолов. – Жол жабынын тез бұзатын ауыр салмақты көліктердің бақылаусыз жүріс-тұрысына қарсы жұмыстар да жүріп жатыр. Бұған арнаулы автоматтандырылған өлшеу жүйесі қолданылуда. 8 шілдеден осы күнге дейін 13 бұйрық толтырылып, 3,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды».
Бұл тұрғыда да шешімін табуды талап ететін мәселе бар. Күн сайын жүк көліктерінің жүргізушілері өлшенуден жалтарып, қарсы жолаққа шығып кетуге әдеттеніп алған. Бұл, әлбетте, өзге жолаушыларға қауіп төндіріп, жол апатына әкелуі мүмкін. Басқарма басшысы осыған жауапты орындарды күш біріктіре күресуге шақырды. Бұл жөнінде облыс әкімі де пікір айтты.
«Бұл – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап, салмағы межелі массадан асып түсетін жүк көліктерінің жалпы қолданыстағы жолдар мен елді мекен көшелерінде жүруіне тыйым салынады. Ол келесі жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал біз арнаулы автоматтандырылған өлшеу жүйесін орнату жұмыстарын жалғастыра береміз. Өйткені жөнделген жолдар ұзақ уақыт игілікке қызмет етуі керек», – деді өңір басшысы.
Тағы бір маңызды мәселе – былтырғы және биылғы су тасқыны кезінде бұзылған жергілікті маңыздағы жол бөліктерінің түйткілі. Қазір олқы деп саналатын 5 учаске бақылауда ұсталып отыр. Сондай-ақ осылар сияқты облыстық маңыздағы үш учаске бар.
«Қойбағар-Қарасу-Севастополь» жолының су шайған 63-74 км аралығы, «Қарасу-Большой Чураков» жолының 7-13 шақырымы және «Арқалық-Торғай» жолының 285 шақырымындағы бұзылған құбыр айырықша қадағалауда. Қазір бұл учаскелердің техникалық құжаты әзірленіп жатыр, таяуда бюджет комиссиясының назарына ұсынылады», – деді басқарма басшысы.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Қостанай облысы филиалының директоры Андрей Горват өңірде күрделі, орташа және жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелер туралы толық ақпарат берді. Айтуынша, биылғы жоспарға 49,4 млрд теңге бағытталған. Оның жартысына жуығы игеріліп те үлгерген.
«Арқалық қаласынан Ұлытау облысы шекарасына дейінгі аумаққа 54 су өткізу құбыры күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жоба құны – 6,5 млрд теңге. Республикалық маңыздағы «Жезқазған-Петропавл» тас жолының үш бірдей учаскесіне орташа жөндеу жасалады. «Денисов-Жітіқара-РФ шекарасындағы Мүктікөл» жолының 44 шақырымы, «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» және «Екатеринбург-Алматы» жолдарының екі-екі учаскесі, «Қарабұтақ-Қостанай» автожолының 31,5 шақырымы, «Денисов-Комаров», «Қарабұтақ-Қостанай», сондай-ақ «Мамлют-Қостанай» жолдары орта деңгейде жөнделеді», – деп тізіп шықты Андрей Горват.
Бүгінде үш учаскедегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Олар – «Қарабұтақ-Қостанай» күре жолының 234-254 және 296-319 шақырым аралықтары, «Мамлют-Қостанай» тас жолындағы 16,4 км. Ал ағымдық жөндеуге биыл 1,4 млр теңге жұмсалады.
«Бұл сомаға «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» жолының Герцен ауылы тұсында, «Қарабұтақ-Қостанай» жолының Ливанов, Жайылма, Адай ауылдары маңында ұзындығы 6,5 шақырымдық қар ұстайтын дуал салынады. Әулиекөл, Ұзынкөл, Қарабалық аудандарында үш ангар орнатылады. Сондай-ақ «Қарабұтақ-Қостанай» автожолының Қонай шағын ауданы мен Рудный қаласы аралығындағы 24.5 шақырым учаскесі сыртқы жарықтандыру шамдарымен қамтылады», – деп баяндады филиал директоры.
Облыс әкімі ауылдағы өмір сапасын арттыру мақсатымен 2023 жылы аудан-қала әкімдеріне 3-4 жыл айналасында елді мекендердегі жолдарды толықтай жөндеп шығуды тапсырғанын, оның орындалу барысы жіті қадағалауда ұсталып отырғанын айтты.
«Сіздер қай жылы қай ауылда қандай көше жөнделетінін бес саусақтай білулеріңіз керек. Әлбетте жұмыстар ірі ауылдардан басталғаны жөн, – деді өңір басшысы. – Мұның сыртында, біз биыл ауылдық жерлерде жаяу жүргіншілер тротуарларын салуға 1 млрд теңге бөлдік. Жалпы ұзығы 40 шақырым жаяужол орнату жоспарланып отыр. Аталған міндеттемелер сапалы әрі уақытылы орындалуға тиіс».
Құмар Іргебайұлы облыстағы көлік санағына да назар сала өтті. Ол ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр өңірде 266,4 мың автокөлік тіркелге, биыл олардың қатарына тағы 8,7 мың машина қосылған.
«Бір ғана Қостанай қаласындағы автокөліктер саны осы жылы 3,2 мыңға көбейді. Бұл – жақсы тенденция. Тұрғындардың автомобиль сатып алатын мүмкіндігі бар деген сөз. Бірақ бұл көлік инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан күделі, орташа, ағымдық болсын, қай деңгейдегі жөндеу жұмыстары да мейлінше сапалы жүргізілуі қажет», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытына тікелей шығатын «Орталық – Батыс» жобасын іске асыру басталғанын айта өтті. Жаңа бағыт жолды 560 шақырымға қысқартып, 70 мың адам тұратын 13 елді мекенді қамтиды.
Жиын соңында өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне жол құрылысы барысында анықталған кемшіліктер мен ескертпелерді жою жұмысын ерекше бақылауға алуды, көлік бақылауының аумақтық инспекциясына салмақ параметрлерін бұзушыларды анықтау шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» филиалы басшылығына жол жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауды, жүк автокөліктерін өлшеуді автоматтандыру жұмысын жалғастыруды міндеттеді.
Суреттер – облыс әкімінің баспасөз қызметінен
Басты сурет «Қостанай таңы» архивінен алынды
