Тобылда жайқалған бәйтерек

Тобылда жайқалған бәйтерек

Кезінде қаншама қазақ тағдырдың жазуымен жер бетіне тарыдай шашылды. Олардың әрқайсының өмір жолы тарам-тарам. Шекара сыртындағы қалың қазақтың басын қосқан сол кездегі президент Н.Назарбаев бастаған алғашқы көш еді.

Танысу

Көші-қон саясатының бірінші легімен елге келген қандастар бүгінде арамызға сіңіп, ұрпақ жайып, үлкен әулетке айналды. Сондай отбасылардың бірқатары Қостанай даласына қоныстанған. Атажұртқа оралған бауырларымыздың бірең-сараңы алғашқы жылдары жергілікті жердің табиғатына, дүниетанымына үйренісе алмай, кері қайтқан көрінеді. Басым көпшілігі атамекенге қазық қадап, өсіп өнді.

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демей ме. Қандастардың  бүгінгі тынысын тыңдап, тіршілігіне куә болу үшін жолға шықтық.

  Іргедегі Тобыл қаласын біраз қандастар мекен еткен. Бағытымыз Толағай Міштәриұлының үйі. Бізді есік алдынан келіні Гүлдәрі қарсы алды. Бидай өңді, жылы жүзді келіншек амандық саулық сұрасқан соң, жол көрсетті. Ауласы кең, жаңадан салынған жер үйдің іші қыздың жиған жүгіндей. Мұнтаздай таза. Төр үйден Толағай ата мен Рәзия әже шықты.

blank

Толағай Міштәриұлы Моңғолияның Бай өлкесінен келген қандасымыз. Ата-анасы Міштәри мен Шәйза ертеректе дүние салған. Әке-шешеден он ұл, төрт қыз тарайды. Ол кезде күллі қазақ баспаларының кітаптары, «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері» журналы, басқа да газеттер, оқулықтар Қазақстаннан жеткізіліп, Моңғолия қазақтарының қолына тиген екен. Сондықтан шекара сыртындаға қандастарымыз он жылдық мектепті қазақша оқып, ана тілімізде суысындаған.

blankТолағай Міштәриұлы 20 жасында Рәзия Зәкәрияқызымен  үйленіп, отау құрады. Толағай ата орман шаруашылығы мамандығын бітірген. Бай өлкеде аталған сала бойынша жұмыс істепті. Ал Рәзия анамыз кілемші. Анамыз бес құрсақ көтерген. Екі ұл, үш қызы сол Бай өлкеде өмірге келіпті. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болған 1991 жылы шекара сыртында қалып қойған бауырларымызды сол кездегі Президент атажұртқа шақырды. Біздің кейіпкерлеріміз сол бірінші көшпен елге келіпті.

Бірінші бекет Қарағанды

«1991 жылы тоғызыншы айда Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Қаратау совхозы Ақшоқы бөлімшесінің Зейнел қыстағына келдік. Алғашқы болған соң ұйымдастыру жұмыстары керемет болды. КАМАЗ-дар келіп, жүгімізді жиып, шекарадан өткізді. Адамдарды Моңғолияның астанасы Ұланбатырға апарып, сол жерден пойызға отырғызып, Якутск, Новосібір, Барнаул арқылы алып келді. Бізді Семейден күтіп алып, бір-екі күн дем алдырды. Содан кейін Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Қаратау совхозы Ақшоқы бөлімшесінің Зейнел қыстағына апарып, қоныстандырды. Жергілікті тұрғындар құшақ жая қарсы алды. Қазақстанда мал баққан адамның еңбегін жақсы бағалайды деген соң інім Азат екеуміз мал бағамыз дедік. Бір табын мал алдық»,-деді Толағай ата.

Кейіпкеріміз Қазақстанға орналасқан соң бір жылдан кейін Моңғолияға барып, туыстарының арасынан ниет білдірген 11 отбасыны елге ертіп әкеледі. Бүгінде Бай өлкедегі ағайындарының 80-90%-ы атажұртқа атбасын бұрыпты.

«Ең бірінші біз, інім Азат екеуміз көштік. Ол кезде тұңғыш қызым Бибігүл шамамен 6-7 сыныптарда оқитын. Кенже балам Серікбол 3-жаста. Артымызда қалған ағайын 1992, 1993 жылдары келіп, бірнешеуі сол Моңғолияда қалып қойды. Қазір сонда өмір сүріп жатыр. Ағайындарға жылда барып тұрамыз. Биылғы көктемде кемпірім екеуміз барып келдік», – деді Толағай Міштәриұлы.

Толағай ата мен Рәзия әже Қарағанды жақтағы қыстақта 1991 жылдан бастап 1998 жылға дейін тұрады. Өзі шопан болып қой бағып, інісі Азат саудамен айналысқан. Тіршілік етіп, бала-шағасын жеткізген. 1998 жылы совхоздар тарай бастағанда бұл кісілер Қарағанды облысынан Қостанайға қарай жылжиды.

«1993 жылдың көші-қоны саясатымен біздің негізгі туыстар Қостанайға көшіп келіп еді. Ағайынға жақын болайық деген ниетпен 1998 жылы Қостанай ауданындағы Мәскеу ауылына келдік. Үй алып, мұнда да мал бағып еңбек еттік. Мәскеу ауылында тұрғанымызға биыл 27 жыл болыпты. Бала-шағамыз сол жерде оқыды. Әрқайсысына жоғары білім беріп, өсіріп, жеткіздік. Ұлдар үйленіп, қыздар тұрмысқа шықты. Бүгінде бәрінің өз шаңырағы бар, қызмет істейді. Қазір кемпіріміз екеуміз зейнеркерлікке шықтық. Екі жылдан бері ұлым Еркебек пен келінім Гүлдәрінің қолында Тобыл қаласында тұрып жатырмыз»-деп атамыз сөзін түйіндеді.

Мәскеуде отыз үйлі қандас бар 

Қостанай ауданына қарасты Мәскеу ауылы қалаға тиіп тұр. Ол жерде Толағай атамыздың Моңғолиядан келген отыз шақты туысы тұрады екен. Қандастарымыздың бәрі атажұртқа қоныстанып, тамыр жайып, ұрпақ өрбітуде.

blankЖергілікті жердің өмір салтына бейімделіп, Тобыл өлкесінің топырағына табан тіреді.

«Біз көшкенде балаларымыздың бәрі ұсақ болды ғой. Кенжеміз Серікбол 2 жасқа жетер жетпес шақта. Келген жеріміз Егіндібұлақ ауданы қазақы жер екен. Балаларымыздың бәрі қазақша білім алды. Интернатта жатып оқыды. Олар ештеңе сезінген жоқ. Біз де аса қиналмадық. Маңдай тер, адал еңбекпен күн кешіп, ел қатарынан қалмадық. Алайда, бір елден екінші жерге көшіп орналасу оңай емес. Елдің алды мұнда орналаса алмай, әрлі-берлі көшіп, жай-күйі келіспегендер болған шығар. Біз енді келген жерімізге судай сіңдік. Моңғолиядан өз елімізге, атажұртқа барамыз деп қуандық. Қазіргі тұрмысымызға ризамыз. Қыздарды құтты орындарына қондырып, ұлдар бір-бірі отау болып отыр. Олардан тараған немерелер де сүйкімді. Бүгінгі тұрмысымызға шүкір етеміз. Отан тыныш болсын. Ел іргесі берік болсын»-деді отанасы Рәзия әже.

Қара шаңырақтың келіні Гүлдәрі Бейбітқызы Озерный негізгі орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол кісі де Бай өлкенің тумасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары келіп, қоныстанған.

«Елге көшкенде мен 3 жаста болыппын. Ол кездегі жағдай есімде жоқ. Содан бері Қостанай топырағындамын. Ата-анам Мәскеу ауылында тұрып жатыр. Қара шаңыраққа келін болып түскеніме биыл 18 жыл. Жұртпен бірге еңбектеніп, ұл-қыздарымызды қатарға қосуға тырысып жүрміз»-деді Гүлдәрі Бейбітқызы.

Тарихта Моңғолиядан басталған көш туралы дерек көп. Алғашқы көш 1991 жылы наурыз айында басталыпты. Ұланбатыр қаласынан шыққан пойыз Ресей жері арқылы жүріп өтіп, араға 5 күн салып Қазақстанға тоқтайды. Атажұрт топырағына алғаш табан тіреген қандастардың бірі, тарихи оқиғаның тірі куәгерін мақаламызда сөйлеттік. Қалың елге қосылып, тіршілікпен біте қайнасқан қызу тірлігін қаз-қалпында жеткізуге тырыстық. Ендіге жерде ағайынның аты озып, немере-шөберелері Тобыл-Торғай даласында өркен жайсын деген тілек.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Жанель ҚҰТТТЫБАЙ