Бүгін Тобыл қаласындағы мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушылары Қостанай облыстық Жол активтері сапасының ұлттық орталығына экскурсия жасап, жол саласының зертханалық жұмыстарымен танысты.
Іс-шара барысында оқушыларға жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеру бойынша зертханалық сынақтар көрсетілді.
Мекеме мамандары оқушыларға асфальтбетон қоспаларына жүргізілетін тәжірибелерді, жол құрылысында қолданылатын заманауи құрылғылар мен әдістерді таныстырды.
– Мұндай кездесулер жасөспірімдердің техникалық салаға деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауға ықпал етеді. Оқушылар жол сапасын қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін өз көздерімен көріп, түсініп қайтты, – дейді орталық қызметкерлері.
Экскурсия оқушылар үшін ерекше әсер қалдырды. Көпшілігі зертхананы алғаш рет көріп, жол құрылысына қатысты жаңа ақпараттар алды. Балалар сапалы жол салу үшін ғылыми негізде жұмыс істеу керектігін, әр материалдың арнайы сынақтардан өтетінін білді.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Бұл – өскелең ұрпаққа жол саласының маңызын түсіндірумен қатар, техникалық мамандықтарға баулу жолындағы маңызды қадам.