“Мемлекеттік тілге жеті қадам” форумында үздіктер марапатталды

“Мемлекеттік тілге жеті қадам” форумында үздіктер марапатталды

Қостанай облысында мемлекеттік тілді дамыту мен медиа сауаттылықты арттыруға бағытталған «Мемлекеттік тілге жеті қадам» атты форум салтанатты түрде өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы — Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы. Форумға облыс басшылығы, тіл жанашырлары мен түрлі этнос өкілдері, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Әлеуметтік желідегі қазақ тіліндегі контенттің авторы әрі танымал тіл үйрету коучы Алина Кан Алматы қаласынан арнайы келіп, форум қатысушыларымен тіл үйренудің жаңа әдістерін бөлісті.

Алина Канның шеберлік сағаты жас тіл үйренушілерге ерекше шабыт сыйлады. Ол өз сөзінде:

“Қазақ тілін үйрену — баршамыз үшін маңызды қадам. Біз тіл арқылы мәдениетімізді, бірлігімізді, рухани құндылықтарымызды бойымызға сіңіреміз. Мен үшін бұл жобаға қатысып, жас ұрпаққа өзімнің тәжірибемді бөлісу үлкен мәртебе”, – деді.

Сахна төрінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали форумның маңыздылығын атап өтті:

“Бұл жоба жастарымыздың мемлекеттік тілді игеруге деген ықыласын көрсетеді. Мемлекеттік тіл әр азаматтың қоғамға бейімделуіне, достық пен бірліктің ұйытқысы болуына мүмкіндік береді. Осындай жобалардың арқасында елімізде бейбітшілік пен ынтымақтастық орнайтынына сенемін,” – деді.

Жобаның ең үздік қатысушылары ретінде бес оқушы марапатталды. Науырзым ауданының Докучаев мектебінен Ангелина Куринько, Қостанай қаласынан Дарья Николаева, Арқалық қаласынан Янна Сенькина, Қарабалық ауданынан Сергей Макей және Федоров ауданынан Иван Кондратович алдыңғы қатардан көрінді.

Қостанай қаласының №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Дарья Николаева сахнада сөз сөйледі.

“Мен үшін қазақ тілін үйрену үлкен мәртебе. Бұл жоба арқылы тілге деген қызығушылығым артып, көптеген жаңа достар таптым. Еліміздің болашағы – біз, сондықтан мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оны дамытуға үлес қосуымыз керек,” – деді ол.

Облыстық “Қостанай таңы” газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы сахна төрінде арнайы шақырылған қонақ Алина Канның иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті.

Іс-шара соңында жоба қатысушылары, көрермендер мен ұйымдастырушылар «Жас қанат ұраным» әнін бірге шырқады. Қостанай өңірінің көптеген мектептерінен келген оқушылар үшін бұл жоба үлкен тәжірибе мен шабыт сыйлағанына сенімдіміз. Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы арқылы жас ұрпақ қазақ тілінің маңызын ұғынып, оны игеруге ұмтылды.

Форумда белсенділік танытқан барлық оқушыларға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы алғыс білдіріп, болашақта да осындай жобаларға қатысуға шақырды.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу