Бүгін көрнекті ақын, журналист, публицист, аудармашы, ұстаз, майдангер, КСРО және Қазақ КСР Жазушылар Одағының мүшесі Ғаббас Жұмабайұлының мемориалдық тақтасы ашылды.
Ескерткіш белгі қаламгердің өзі 1947-1955 жылдары қызмет еткен қазіргі «Қостанай таңы» газеті редакциясы орналасқан ғимараттың қабырғасына ілінді.
Салтанатты рәсімге облыс әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым, ақынның алыс-жақыннан келген ұрпақтары мен туыс-туғандары және редакция ұжымы жиналды. Митингте сөз алғандар биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан қабырғалы қаламгердің қазақтың әдебиетіне, журналистикасына, жалпы руханиятына сіңірген еңбегін сөз етіп, жылы естеліктермен еске алды.Ескерткіш тақтаның шымылдығын түру рәсімін белгілі қаламгер, ҚЖО облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков пен қаламгердің туысы Гүлсара Жұмабаеваға берілді. Бұдан соң көпшілік ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті. Іс-шара Н.Островский атындағы кітапханада «Нөсерлеп төккен жыр-ғұмыр» атты отырысқа ұласты. Онда да ақынның шығармашылығы туралы кеңінен мәлімет беріліп, өлең-жырлары оқылды. Соңында ас беріліп, ардақты тұлғаның аруағына құран бағышталды.
Айта кетейік, Ғаббас Жұмабайұлы 1924 жылдың 5 мамырында Меңдіқара ауданының Ақсуат елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын облыстық «Большевиктік жол» газетінде («Қостанай таңы») бастаған. Кейін көптеген республикалық басылымда, жазушылар одағында, аударма агенттіктерінде жемісті қызмет етті. Қаламгер «Нөсер», «Мерей», «Арманым», «Жомарт күз», «Алтын толқын», «Қоңыржай», «Жыр ғұмыр» жыр жинақтарының авторы. Аудармашылық бағытында да көп еңбек етті. Қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерін орыс тіліне, ал орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. 1980 жылы мамыр айында дүниеден озды.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.