Облысымыздаға қуыршақтар театрының тарихы тереңде. Келер жылы құрылғанына бақандай қырық жыл. Бірақ әлі күнге сол қуыршақтарды қазақша сайрататын бір басшы табылмай отыр.
Былтырғы басшы қазақ турппасын ашып, жақсы жаңалықты жарыса жазып, бөркімізді аспанға атып едік. Бірақ ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Алматыдан келген екі студент «Менің досым жел» атты айналдырған бір премьераны қойды да жоқ болды. Сонымен іс бітті, қу кеттінің кебін кидік. Қазір қайда жүргендері белгісіз. Одан кейін қазақ тілді сепктакль де, труппа да жоқ.
Енді осы жерге басшылыққа тағайындалған жаңа басшы Төленді Әлқожаның жұмысқа кіріскеніне де екі айдың жүзі болыпты. Бұйыртса «бәрін де қатырамын, қуыршақтарды қазақша сөйлетемін, өзге елден, облыстан режиссерді де алдырамын» деп екі қолын сыбанып отыр. Қош, сәттілік тілейміз.
Ал театр ұжымы биылғы жылдың тоғыз айында 224 спектакль көрсеткен екен. Репертуарда 29 спектакль болса, соның 7-і ғана қазақ тілінде. Міне, қырық жылға жуық тарихы бар облыстық театрдың жайы осындай.
«Қуыршақ театрына келгеніме екі-ақ ай. Басшылық жолымды осы театрдан бастап, үлкен жауапкершілік жүктелгенін де білемін. Келер жылы 40 жылдық маусымын ашамыз. Алда жоспар көп. Осы уақытқа дейін қойылымдардың дені орыс тілді болған. Ендігі тапсырма қуыршақтарды қазақ тілінде сөйлету, қазақ труппасын ашып, жандандыру. Болашақта қазақ тілді қойылымдарды көбейткім келеді. Басқа елден, облыстан режиссерлар шақырып, жақсы спектакль шығарамыз деп үміттенеміз», – дейді су жаңа басшы.
Қазір театр құрамына қазақ тілді үш актер жұмысқа қабылданыпты. Үшеуі де облыстық қазақ драма театырының әртістері. Енді оларға зор үміт артылып отыр. Сонымен алға қойған жұмыс көп. Оның қалай жүзеге асарын көре жатармыз. Бастысы қуыршақтар қазақша сөйлеп, бала тілін дамытып, көңілін тапса болды емес пе?!
Айтолқын АЙҚАДАМОВА