Рудныйда үй кезегінде тұрған 48 адамға пәтер кілттері берілді. Олардың арасында халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататындар да бар. Кеншілер қаласының тұрғындарына пәтер кілтін Рудный қаласы әкімі аппаратының басшысы Эльдар Мұханов табыс етті.
“Рудный қаласы әкімінің атынан жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Сіздер үшін бұл күн есте қалатынына сенімдімін. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын. Осы үйде ұл-қыздарыңыз өсіп-өніп отанымыз үшін қызмет етсін. Отбастарыңыз аман болып, еліміз дами берсін”, – деді Рудный қаласы әкімі аппаратының басшысы Эльдар Мұханов.
Пәтер кілттерін алу үшін адамдар отбасыларымен, балаларымен және немерелерімен келді. Олардың арасында төрт бөлмелі пәтер алған көпбалалы ана Ақмарал Мырзабаева да бар.
“Кезекке тұрғаныма үш жыл болды. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келдік. Жолдасым темір жолда жұмыс істейді. Өзім жұмыссызбын. Төрт баламыз бар. Барлығы мектеп пен балабақшаға барады. Басыбайлы пәтеріміз болатынына қуанып тұрмын. Үйдің ішін қарап шықтым, барлығын жақсы істеген. Енді жиһаздар алуға кірісеміз”, – дейді пәтер иесі Ақмарал Мырзабаева.
Дәл осындай төрт бөлмелі пәтерге ие болған жанның бірі бес баланың анасы Гүлнұр Үзбайырова. Ол бұл үйді 14 жыл күткен екен.
“Бас-аяғы 14 жыл кезекте тұрдым. Осы уақытқа дейін отбасындағы жеті адам бір бөлмелі пәтерде тұрып келдік. Қалалық прокуротурада еден жуушы болып жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, төрт бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Әкімдікке алғысым шексіз. Тұрғын үйдің жанында жаңа балалар ойын алаңы бар екен. Балаларым емін-еркін ойнайтын болды. Өздерінің де жеке бөлмелері болады. Көп баланы аналарға осындай бақыт бұйырсын”, – дейді Гүлнұр Үзбайырова.
Нина Аксенованың жасы 75-те. Зейнеткер 2011 жылдан бері үй кезегінде тұрған. Рудныйда пәтер жалдап тұрып келген. Енді ол да бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді.
“Қалада баламның қолында жарты жылдай тұрдым. Үйі шағын еді. Өздері төрт адам болған соң, пәтер жалдап бөлек кеттім. Яғни 2011 жылдан бері үйсіз жүрген едім. Негізі Қамысты ауданыда тұрдым. Зейнетке шыққан соң, қаладағы ұлымның қолына келдім. Өйткені, ауылда тұруым қиындап кетті. Жалғызбасты болған соң, шаруашылыққа шамам жетпейтін болды. Пеш жағып, отын кіргізу қиындады. Алдағы бірнеше күнде қоныстанамын. Жалдамалы пәтерде заттарымды буып-түйіп дайындап қойдым”, – дейді Нина Аксенова.
Жаңғырту жұмыстары жүргізілмегенге дейін тұрғын үйдің қаңқасы ғана болған. Үш қабатты үйдің үстінен тағы да үш қабат салған. Жыл басында басталған жаңғырту жұмыстары он айдың ішінде толық аяқталған.
“Тұрғын үй алты қабатты. Негізінде үш қабатты еді, мердігер тағы да үш қабат қосып салды. Бір, екі және төрт бөлмелі барлығы 56 пәтер бар. Бүгінде 48 пәтерге тұрғындар қоныстанды. Пәтерлер толық жасалған, яғни, жиһаздарды сатып алып тұра беруге болады. Мұнда көпбалалы және толық емес отбасылар, зейнеткерлер мен жетімдер қоныстандырылды. Негізінде 56 пәтер. Кезегі келген адамдармен жұмыс істеп жатырмыз. Құжаттары әзір болғанда, оларға да пәтер кілттері берілетін болады. Тұрғын үйге техникалық қызмет көрсету үшін “Тұрмыс” пәтер иелерінің тұтыну кооперативімен келісім-шартқа отыру кезеңі жүріп жатыр. Қоғамдық көліктерге келетін болса, 6-шы нөміргі автобус бұрыннан жүретін. Енді тағы бір бағытта қосамыз”, – дейді Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Радмира Оразбекова.
Тұрғын үйге құрылыс жұмысын қостанайлық “Prime Construction” компаниясы істеген. Үйдің жобалық-құндық құжаттамасына сәйкес, кей пәтерлерге өзеріс енгізген.
“Кей пәтерлерді үлкейттік. Біз үйді алғанда тек қанқасы ғана болды. Он айдың ішінде толық аяқтап шықтық. Қоқыстың бәрін шығарып, тазалап алдық. Бастапқыда үш қабатты үй еді, біз тағы үш қабат қостық. Төрт бөлмелі пәтер шамамен 100 шаршы метр болады. Заңнамаға сәйкес құрылыс слашуы әрдайым үш жылға кепілдік береді. Егер үш жылдың ішінде біз жасаған дүниеден ақау шығатын болса, өз есебімізден жөндеп, дұрыстап береміз. Құнына келетін болса, біз әлі жалпы есепті шығарған жоқпыз. Ол содан кейін белгілі болады. Бұл үйді аяқтау үішін көп жұмыскер жұмылдырылды. Тіпті демалыс күндері жұмыс істеген кездеріміз болды. Коммуникацияға келетін болса, ескілерінің барлығын алып тастадық. Оның орнына жаңаларын орнаттық”, – дейді Prime Construction компаниясының коммерциялық директоры Мақсат Жұмағалиев.
Компанияның құрылыста тәжірибесі бар. Жұмысты сапалы орындайды. Топроков 162А мекенжайындағы үйді тапсырды, енді сол кешедегі 162-і тұрғын үйді қалыпқа келтіруге кірісіп кеткен. Айтуынша, ол тұрғын үйді аяқтауға да бір жылдай уақыт қажет. Бес қабатты тұрғы үйде 25 пәтер бар екен. Бірақ жобасы қайта әзірленіп, пәтер саны артуы мүмкін.
“Жоспар әзірленеді. Пәтер саны артуы мүмкін. Нақты қанша болатынын айта алмаймын. Ең бастысы біздің алдымызда жұмысты сапалы орындау міндеті тұр. Сондай-ақ, қанша уақытта айқтайтынымызды да нақты білмеймін. Асықпай істейміз. Егер мерзім белгілейтін болса, іс шала орындалады деп ойлаймын. Ең бастысы, тапсырған тұрғын үйімізге тұрғындар риза болса жеткілікті”, – дейді компания өкілі.
Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Радмира Оразбекованың айтуынша, ол тұрғын үй де кезекте тұрған кеншілер қаласының тұрғындарына беріледі. Кеншілер қаласында кезекте тұрғандарға пәтер беру ісі қарқынды. Маусым айында 21 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына берілген еді. Осыны қосқанда қалада қолданысқа берілген үшінші тұрғын үй. Бүгінде Рудный қаласында төрт мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – автор