Қазақстанда АЭС салудың мүмкіндіктері туралы облыстық халықтық штаб мүшелері ел арасына шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық мәслихат депутаттары Сейтбек Қуанышбаев, Абыл Ерденов, АМАNАТ партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде оқытушылар және студент-жастармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында елімізде Атом электр станциясын салу мәселесі күн тәртібінде тұрған айқын қажеттілік екендігі егжей-тегжейлі назарға ұсынылды. Қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық деңгейде нақты мысалдар келтіріле отырып жауаптар берілді.
А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы Сейтбек Қуанышбаев ғылыми тұжырымдарды қарапайым тұрмыстық тәсілдермен сабақтастыра ұғынуға жеңіл дәйектер келтірді.
«Біз қазір электр энергиясы жағынан өзге елге тәуелді болып саналамыз. Қостанай қаласы бұл қуатты көршілес Ресейден алып, қажеттіліктеріне жаратуда. Қазақстан уран өндіруден әлем бойынша бірінші орында. Уран қоры жағынан екінші орындамыз. Олай болса, неге біз өз мүмкіндігіміз бола тұра өзгеге тәуелді боламыз? Үйіңде қазаның болып тұрып тамақ істемесең оның не керегі бар? Бұл да дәл сол сияқты. Қазанымыз бар, бірақ біз көрішінің қазанынан ас ішіп отырмыз. Сондықтан, өзгеге қол жаймай өз мүмкіндіктерімізді қарастыруымыз керек», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Сейтбек Бекенұлы.
Колледж басшысы Руслан Елікбайұлы сөз алып, ұжымда бұл мәселе айтылып, түсіндіріліп жатқанын, ұжым және сайлау құқығын алу жасына жеткен студенттер алда болатын республикалық референдумға қатысуға ынталы екенін жеткізді.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлхаш Қуандыққызының айтуынша қазіргі таңда колледж бойынша 200 студенттің тізімі сайлау учаскелеріне таратылып берілген. Олар сайлау болатын күні тиісті орындарға барып, өз таңдауларын жасайтын болады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы