Ақпаннан бастап арнайы әлеуметтік төлем алады

Ақпаннан бастап арнайы әлеуметтік төлем алады

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін өңірдің 246 адамына арнайы әлеуметтік төлем тағайындалған. Олар ақпан айында тиісті жәрдемақыларын алады. Сондай-ақ, дәл осындай жағдайда еңбек ететін 182 азамат төлем тағайындауға өтініш берген.  

 Бұл жаңашылдық жыл басынан бастап енгізілген еді. Яғни, денсаулыққа зиян келтіретін өндіріс орнында жұмыс істейтін қызметкерлер 55 жастан зейнетке шыға алады. Немесе, кәсіпорынмен келісіп жеңіл жұмысқа ауысуына болады. Оларға мемлекеттен әлеуметтік төлем төленеді.

            “Төлем төрт көзден төленеді. Республикалық бюджеттен ең төменгі күн көріс деңгейінің екі еселенген мөлшері, жұмыс берушінің және өмірді сақтандыру компанияларының есебінен, сондай-ақ, БЖЗҚ-мен қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып жүзеге асырылады. Алдын ала мәліметке сүйенсек, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Қызметкер оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады”, – дейді облыстық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің  департаментінің басшысы Шыңғысбек Сұлтанбеков.

Елімізде қазіргі күні ең қауіпті деген екі мыңнан аса мамандық бар. Ал арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 16 саласына қатысты. Оның ішінде тау-кен өндіру және өндеу өнеркәсібі бар.

 “Әрбір қызметкер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты. Бұл ретте жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшері артады. Төлем алғысы келетін қызметкерге үш таңдау берілген. Ол жұмыс берушімен келісім бойынша зиянды емес жұмысқа ауысуға, сондай-ақ, кәсіпорыннан тыс басқа жұмысқа тұруға, сондай-ақ, еңбек қызметін мүлдем жалғастырмауына болады”, – деді өңірлік коммуникация  алаңында өткен брифингте департамент басшысы.

Облыста арнайы төлем алу шартына сәкес келетін адам саны биыл шамамен 1300 екен. Келер жылы 100 адамға артса, 2026 жылы 1600 болады. Олар әрине облыс кәсіпорындарының жұмыскерлері. Олардың жұмыс берушілері өз қызметкерлеріне міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын аударып отырады.

Сералы МЫРЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу