Азаматтарды қабылдау күні өтіп жатыр

Азаматтарды қабылдау күні өтіп жатыр

Облыс орталығында азаматтарды қабылдаудың біріңғай күні өтіп жатыр. Мемлекеттік органдардың басшылары Жастар сарайында өңір тұрғындарының мәселесіне жауап беруде.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаевқа тұрғындар әлеуметтік мәселе, тұрғын үй, коммуналдық сала мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі сұрақтармен жүгінуде. Келушілер саны 100-ден асады.

Қала тұрғыны Айнагүл Жүсіпова қала басшысына тұрғын үй мәселесімен келген. Ол екінші топтағы мүгедек бала бағып отырған ана.

            “Мүгедек бала бағып отырған соң 1997 жылдан бері жұмыс істемеймін. Баламның мүгедектігіне жәрдемақы аламын, ал бағушысы ретінде маған төленбейді. Әкімге тұрғын үй мәселесімен келдім. Туыстарымызды паналап жүрміз. Өте қиын. Әкім мәселемді толық тыңдады. Жуық арада тұрғын үйге қатысты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске қосылатынын жеткізді. Мүмкіндік болса, шарттарына менің жағдайым сай келіп жатса мәселені шешуге уәде етті”, – дейді қала тұрғыны.

Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылының бір топ ақсақалы көгілдір отын мәселесімен келіпті. Ауылдағы екі көшедегі үйлер кейін салынғандықтан, газ тартылмай қалған.

            “Ауылдағы 30-ға жуық үйде 2008 жылдан бері газ жоқ, пеш жағып отырмыз. Осыған дейінгі болған әкімдерге базынамызды айтып барған едік, еш нәтиже болмады. Бүгін қабылдау өтеді дегенді естіп арнайы келдік. Әкім жыл осңына дейін көгілдір отын тартылады деп уйде етті”, – дейді ауыл тұрғыны Нұрсейіт Қасым.

Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов мәселемен етене таныс екенін жеткізді. Биыл көгілдір отын тартып берудің мүмкіндігін барынша қарастыратынын айтады.

“Газ тартылмаған себебі үйлер кейіннен салынған. Жобалық-құндық құжаттамларды әзірлейтін боламыз. Дайын болған соң бюджеттік коммисияға ұсыныс береміз. Мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, мердігер анықталады. Оның бәрі уақыт алады. Қаражат бөлінсе жыл соңына дейін бітіруге тырысамыз”, – дейді Қостанай ауданының әкімі.

Мекеме басшылары тұрғындарды кеші 16:00-ге дейін мәселемен қабылдайтын болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу