Түркістанда 4 қазан күні «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтің жетекшілігімен өткен «Auyl Jastary» республикалық жастар форумы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың басын қосып, олардың ел дамуына қосар үлесін арттырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған саяси басымдықтарды жүзеге асыруға жастарды кеңінен тартуды көздеді. Форум ауыл жастары үшін ерекше пікірталас алаңына айналып, жас буынның идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған нақты ұсыныстармен ерекшеленді.
Форумның ресми ашылуында Серік Егізбаев жастарды еліміздің болашағы үшін аса маңызды бағыттардың бірі — жасанды интеллект пен цифрландыру саласына белсене атсалысуға шақырды.

«Мемлекет басшысы 2025 жылғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл – еліміздің алдағы үш жыл ішінде цифрлық державаға айналуына жол ашатын маңызды қадам. Осы орайда жастардың белсенділігі аса маңызды», – деді Партия төрағасы.
Ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамыту, инновациялық ойларын қолдау бағытында партия қолға алған бірқатар жобаларға тоқталды.
Жастарды ауыл шаруашылығы мен ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.
Бүгінде «Дипломмен ауылға», «Кең дала», «Агро бизнес», «Іскер», «Ауыл аманаты» сынды мемлекеттік бағдарламалар ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.
«Ауыл – елдің тірегі. Ауыл дамымай, ел дамымайды. Сондықтан жастар ауылды өркендету жолында көшбасшы болуы керек», – деді С. Егізбаев.
Партияның тағы бір негізгі бағыты – ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтау. Форум барысында жастар ұлттық болмысты, дәстүр мен мәдениетті сақтау арқылы елдің рухани өркендеуіне үлес қосуы тиіс екені атап өтілді.
Экологиялық жауапкершілік бағытында «Ауыл» партиясы жүзеге асырған «Таза 25 шақырым» акциясы – осының нақты мысалы. Акция аясында 20 өңірден 2 000 жас қатысып, 750 тонна қоқыс жиналған. Сонымен қатар, студенттік еңбек жасақтарының жұмысы нәтижесінде 726 жас жұмыспен қамтылып, бірнеше өңірлерде нақты жобалар жүзеге асты.
Форум аясында жастарға партиялық кадрлық резервке қосылу, саяси процестерге араласу және қоғамдық қызметте белсенді болу мүмкіндіктері ұсынылды.
Жас буынның жаңа идеялары мен бастамалары елдің саяси, экономикалық және мәдени дамуына серпін беруге дайын екені айқын аңғарылды.
Форум соңында қатысушылар — ауыл жастары, еріктілер ұйымдары мен жастар бірлестіктері бірлескен Үндеу қабылдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын нақты істер арқылы қолдайтындарын мәлімдеді.
Форумға Қостанай өңірлік филиалының атынан белсенді жас, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Аружан Даулетназарова қатысып қайтты.
Аружан форум аясында өткен кездесулер мен шеберлік сабақтарының үлкен әсер қалдырғанын айтады.
«Форум мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Түркістан жастардың бір-бірімен ой бөлісіп, болашаққа бағыт алатын орталығы екеніне көзім жетті. Еліміздің әр өңірінен келген замандастарыммен танысып, түрлі идеялармен алмасу – менің ой-өрісімді кеңейтті. Ең бастысы, белсенді болудың, қоғамдық өмірге араласудың маңыздылығын тағы бір мәрте сезіндім», – дейді Аружан.
Форумда жастар көшбасшылығы, волонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық мәдениет, медиа сауаттылық және цифрлық трансформация тақырыптарында сессиялар ұйымдастырылды. Аружан бұл кездесулерден кейін жаңа жобаларға шабыт алып, Қостанай өңірінде де осындай бастамаларды қолға алуға ниетті екенін жеткізді.
Қостанай өңірлік филиалының белсенді жастары Аружанның осы сапарынан үлкен үміт күтеді. Өйткені мұндай форумдар жас көшбасшылардың білімі мен тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың туған өлкелеріне пайда әкелетін нақты жобаларды іске асыруына жол ашады.
«Біз технологиялық ілгерілеудің, жасанды интеллект пен цифрлық дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Біздің буын өзінің білім деңгейімен, жауапкершілігімен уақыттың жаңа сын-қатерлеріне төтеп беруге дайын. Біз – Әділетті Қазақстанның болашағымыз!» – делінген үндеуде.
«Auyl Jastary» форумы — жай ғана кездесу емес, ел болашағы үшін маңызы зор нақты іс-шара. Бұл алаң – жастардың тек идеяларын айтып қана қоймай, сол идеяларды нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік беретін платформа.
Жастар мен ауыл – бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Ал осы форум – сол байланысты нығайтқан маңызды кезең болып тарихта қалмақ.