Шилідегі шикіліктер  қашан түзеледі?

Шилідегі шикіліктер қашан түзеледі?

Редакциямызға Қостанай қаласының тұрғыны, зейнеткер Сұлтанғали
Оспановтан хат келіп түсті. Ол кіндік қаны тамған ауылы – Жанкелдин ауданына қарасты Шилі елді мекенінің ауыр ахуалын баяндаған. «Көпірме сөз қашан қойылады?» деп ныспыланған хатта жол, су мәселелері, интернет байланысының нашарлығы көтерілген. «Уәжім осы газет арқылы тиісті орындар назарына ілігер деген үміттемін» дейді жазба иесі.

Сұлтанғали Әлмағамбетұлының айтуынша, арыз-тілегін облыс басшылығына, басқармаларға жолдаған. Алайда Жанкелдин ауданы әкімдігі өкілдерінен ғана жауап келген. Жалпы, бұл хаттың жазылуына, «ескі жара ауызының ашылуына» басқарма басшыларының есеп беру жиындарында ұсынған соңғы мәліметтері себеп болған.

«Қостанай таңы» газетінің 22 қарашадағы нөмірінде облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев облыс әкімі қатысқан жиында жасаған білдірмесін оқып таңғалдым. Денисов, Майлин аудандары мен  Арқалық қаласынан басқа өңірлерде жағдай анағұрлым жақсы көрінеді. Осы ақпаратқа облыс әкімі дүдәмалмен қарапты. Онысы жөн. Өйткені Жанкелдинде жол деген ең басты проблеманың бірі», – деп бастайды хатын ол.

Одан ары әңгіме Шилі ауылына ойысады. Елді мекеннің кешегі тарихы мен бүгінгі тағдырын тізбелей келіп, шалғайда малмен жан бағып отырған ауылдастарының ең өзекті мәселелерін тілге тиек етеді. Ол «ауыр халдегі ауылымның басқарма басшысы есебінде жағдайы жақсы елді мекендер қатарына кіріп кеткеніне қайранмын» дейді.

«Шиліліктердің туған жерден тамыр үзгілері келмейді. Бірақ өздері шеше алмайтын проблемалар бар. Неше жылдан бері жол сұрап жүр. Әрбір келетін жылға үміттерін жалғайды. Ал салаға жауапты Нұрғалиев мырза сол ауылға барып көріп пе, жолының жағдайын біле ме екен? Білсе, «жолы жақсы» деген ауылдар қатарына еніп кетпес еді ғой», – деп ел мұңын айтады зейнеткер.

Бұдан бөлек, өркениет заманында ауылда интернет те жоқ. Оның үстіне, ел қазынасынан қыруар қаржы бөлініп салынған бөгет те бір көктемнің суын көтере алмай тас-талқаны шығып еді. Оны да жалпақ жұрт ұмыта қойған жоқ. Қайтадан салына ма, жоқ па? Бұған да шиліліктер жауап күтіп жүр.

«Ақыр соңында бөгетті салушы да, оны қабылдап алушы да сотталып тынды. Басында, салынып жатқанда «құрылысы дұрыс жүрмей жатыр, ертең су ұстамайды» деп елдің зар жылағанын елеп-ескерер жан табылмады. Дұрыс жобаламай салынған бөгет бұзылып кетіп, малмен күн көріп отырған халықты сусыз қалдырды. Туған ауылдың осы жағдайын көріп, қарадан қол қусырып отыра алмай, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алдына бардым.  Елдің мұң-мұқтажын жеткіздім. Ол кісі жылы қабылдап, шешілмейтін түйін жоғын айтып шығарып салды», – деп отыр қария.

С.Оспанов одан кейін де қарап отырмай, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары және Табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларына хат жолдапты. Бірақ бір айдай уақыт өтсе де жауап келмеген.

«Телефонмен байланысу да оңай емес. Үнемі «бос емес», «жиында», «кейін хабарласыңыз» деген жауап аласың. Кейде басқа нөмірге бағыттап жібереді де, онысы тұтқаны көтермей қояды. Бұл жауапсыздық емей немене? Хатқа жауап берудің заңмен бекітілген мерзімі бар емес пе? «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасы кімге арналған? Барды бар, жоқты жоқ деп айтуға желкелері жар бермей ме?» – деп кейіс білдірді зейнеткер.

Дей тұрғанмен Сұлтанғали Әлмағамбетұлының облыс әкімдігіне жолдаған хатына Жанкелдин ауданы басшылығы берген жауапты қолымызға түсірдік. Онда аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов Шилі ауылына кіреберіс жол 2024 жылы орташа жөндеуден өтетіні, қазір техникалық құжат ведомстволық сараптамадан өтіп жатқаны туралы мәлімдеген. Ал бұзылған бөгетті қалпына келтіру кінәлі ұйымға міндеттеліп отырған көрінеді.

«Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес, жауапкер «Energy Construction-2020» ЖШС-не 2020 жылғы 20 мамырдағы №28 шарттың 7.2-бабына сәйкес, 2023 жылдың 5 қазанында «Шилі» бөгетін монолитті темірбетонмен бекітілген бөгет жиегін ұзындығы 15 метр, биіктігі 3 метр объектіні мәжбүрлі түрде жөндеуге атқару парақшасы шығарылды», – делінген аудан әкімдігі жауабында.

Сондай-ақ биыл аудандағы Милісай және Бидайық ауылдарына байланыс тарту үшін діңгекті-мачталы құрылғы салу жоспарланған. Милісай ауылында биіктігі 100 метр антенна-діңгек құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттама жасауға конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқан көрінеді. Жауапты нақтылай түсу үшін Айдаралы Талпақовтың өзіне қайтадан қоңырау шалғанымызда, ол мұның Шилі ауылын интернетпен қамтуға да тікелей қатысы бар екенін айтты.

Бастысы, шағым иесі көтерген мәселелер басшылық назарына алынып отыр. Енді жауап хатта берілген уағдалардың орындалғанын, шиліліктердің өзекті мәселелерінің шешілгенін күту ғана қалды.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Жаңалықтармен бөлісу