Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры көрермендерге Әскерхан Ақтай жазған және режиссер Айдын Салбанов қойған “Ай қараңғысы” әлеуметтік драмасын ұсынады. Онда жерлесіміз, жас актер Ерназар Рамазан басты рольді сомдайды.
“Спектакльде адамгершілік, адалдық, ар-намыс, әділдікке деген сенім, сондай-ақ адамның кез келген қолжетімді тәсілмен мансаптық өсуге ұмтылысы мәселелері көтеріледі. “Ай қараңғысы” спектаклінің атауы адам жанының қараңғы жағын бейнелейді”, – дейді жас өнерпаз.
Өткен жылдың тамыз айында жерлесіміз Қарағанды қазақ драма театрына шақырылған. Ондағы бірнеше спектакльде басты, эпизодтық және жалпылама рольдерде тәп-тәуір ойнап шықты.
Қазір “Ай қараңғысы” спектаклінің премьерасына дайындалып жатыр. Онда Рамазан Әділ есімді кейіпкердің бейнесін сомдайды. Қойылымның желісі бойынша ол кедей отбасынан шыққан өте қарапайым, ақылды жан. Қойылымда екі қосалқы кейіпкер бар. Досы Айбар мен Әділге ғашық болған Көркем қыздың қылықтары көрермендерінің көзайыцмына айналғалы тұр.
Спектакльде осы маусымда театрға келген жас актерлер мен актрисалар ойнайды. Сол себепті жастардың тағдыры, олардың үлкен құрылыс компаниясын қалай әшкерелеуі қойылымның бір ерекшелігі іспеттес. Премьералық көрсетілім 3 ақпанда өтеді.
“Дайындықтың, режиссердің және сахнадағы серіктестерімнің арқасында біз премьерада табысқа жетеміз деп сенемін. Менің кейіпкерім Әділ – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын және әділдік пен адалдықты жақтайтын адал адам”, – дейді жерлесіміз.
Ш. Уәлиханов атындағы Әулиекөл жалпы білім беретін мектебінің ұжымы Ерназар Рамазанның танымалдығына қуанышты. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде де Ерназар қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысатын. Олимпиадаларда және түрлі деңгейдегі жарыстарда мектептің намысын қорғады. Мектеп театрында ойнады. Жас актер “Шабыт” өнер университетінің соңғы курсында оқиды. Соңғы кезде бірқатар киноға түсіп те үлгерді. Сол себепті мектеп ұстаздары шәкірттерін әрдайым мақтан тұтады.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ