Баян ұзақ жылдардан бері басылымдарды тарату қызметімен айналысады. Аптасына үш рет поштаны пойыздан күтіп алып, оқырман қолына жедел жеткізуге асығады. Төл басылымымыз «Қостанай таңы» газеті де осы жерден халыққа көптеп тарайды.
Оның ұзақ жылғы еңбегі қашанда зор құрметке ие. Бүгінде Арқалық қаласындағы «ЕВРАЗИЯ ПРЕСС» БАҚ тарату агенттігі және облыстық «Костанайская новости» газетінің өкілі.
Баян Сабырқызы Арқалық қаласында сонау сексенінші жылдардан бері тұрады. Негізгі мамандығы есепші. Алғашқы еңбек жолын Торғай облыстық «Баспа одағында» есепші болып бастаған. Кейін қалалық байланыс торабында бас есепшінің көмекшісі, «Қазбаспасөз» бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
«Осында үнемі келіп, қалаған мерзімді басылымдарымызды алып тұрамыз. Мұнда бізге жақсы қызмет көрсетіледі. Газеттеріміз уақытылы келіп тұрады. Бұл жерден барлық баспа беттерін табуға болады. «Қостанай таңы», «Арқалық хабары» газеттерінің тұрақты оқырманымын. Баян қарындасымыз жұмысына аса тиянақты. Жастарымыздың осындайеңбекқор, көптің бабын таба білетін ұлағаттыкісілерден үлгі алғаны жөн», – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Ғабдолла Жағыпарұлы.
Баян апай бос уақытында гүл өсіріп, баптайды. Жұмыс орнында сан түрлі гүлдер жайқалып тұр. Гүлдердің емдік қасиеттерін де біледі. Күн сәулесі мол түседі.
«Кей таныстарым «Сіз көшпейсіз бе?» деп сұрап жатады. Менің бұл қаладан қоныс аударғым келмейді. Жастық шағым өткен жер. Адамдарына да, табиғатына да әбден бауыр басып кеттім. Құдайға шүкір, қаламыз көркейіп келеді. Демалыс орындары көптеп ашылуда. Келген қонақтардың өзі таңырқап жатады. Жастарға еңбекқор болыңдар дегім келеді. «Еңбек істеймін» деген адамға қашанда жұмыс табылады. Уақытты босқа өткізбей, жастық шақта оқып, білім алу керек. Гаджеттерге көп үңіле бермей, газет-журналдарды көбірек оқыңдар дер едім. Мен үшін әрбір тұтынушы маңызды. Сондықтан, оқырмандардың талап-тілектерін орындауды ұдайы назарда ұстаймын», – дейді Баян Сабырқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы