ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қостанай облысындағы жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиынға өңір азаматтары, қоғам белсенділері, өңірлік спорт федерацияларының басшылары, туризм саласының кәсіпкерлері, спортшылар және журналистер қатысты. Жастар сарайында өткен кездесуде Ермек Маржықпаев министрліктің биыл атқарған жұмысы, туризм және спорт саласында жүргізіліп жатқан реформалар және ведомствоның алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Мысал ретінде Қостанай облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Тобыл-Арена» жабық футбол стадионы, «Қостанай» спорттық-ойын-сауық кешені, 50 метрлік жүзу бассейні және мұз спорт сарайы сияқты нысандар қайта жаңартылып, пайдалануға берілгені тілге тиек етілді. Алдағы уақытта өңірде мамандандырылған спорт мектеп-интернат-колледжі ашылмақ.
«Биыл жыл соңына дейін Қостанай облысында 44 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда 10 жоба толық іске қосылды. Олардың қатарында Амангелді ауданындағы көпсалалы туристік кешен, Қостанайдағы қалалық жағажайды абаттандыру бойынша жұмыстар кешені, Рудный қаласында орналасқан қалалық мәдениет және демалыс саябағын абаттандыру бойынша екі жылдық жобаның жұмыстары аяқталды. Жалпы ел бойынша Үкімет инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді жеңілдікпен қаржыландыру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатыр», – дейді министр.
Сонымен қатар ол облыста қысқы спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанына ерекше тоқталды. Қостанай облысынан конькимен жүгіру бойынша әлем чемпионы, қысқы Азия ойындарының жеңімпазы Денис Кузин, шорт-тректен Бейжің Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Крестова, пара шаңғы спортшысы Юрий Березин және шаңғышы Виталий Пухкало сияқты даңқты спортшылар шыққанын тізбелеп айтты. Ведомство басшысы қысқы спорт түрлерімен қатар өңірде жазғы спорт түрлерін де белсенді дамыту қажет екенін, соңғы уақытта қаржыландыру лайықты деңгейде болғанымен, нәтиже көңіл көншітпей тұрғанын жасырып қалмады.
«Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша, аймақтардың медаль үлесі жағынан Қостанай облысы ең нашар нәтиже көрсетті. Жергілікті спортшылар 1998 жылғы ойындардан кейін биыл алғаш рет ел қоржынына бірде-бір алтын, тіпті күміс медаль да сала алған жоқ. Сонымен қатар жуырда ғана Астанада өткен бокстан Қазақстан Спартакиадасында да Қостанай облысының былғары қолғап шеберлерінің өнері сәтсіз болды. Бар-жоғы бір қола медаль иеленді. Бұл – Қостанай сияқты бокстан бірнеше әлем және Азия чемпионатының жеңімпаздарын, Олимпиаданың жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарған өңір үшін өте ұятты жағдай. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейту қажет. Жиынға қатысып отырған өңірлік федерацияның басшылығынан осы мәселені ерекше бақылауға алуды сұраймын», – деді Е.Маржықпаев.
Сондай-ақ министр қазіргі таңда Қостанай облысының туристік әлеуеті толық көлемде пайдаланылмай жатқанын атап өтті.
«Біз еліміздегі барлық туристік мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Мәселен, табиғат ерекше сый етіп берген Ертіс алабындағы табиғаты ерекше, суы ең көп Тобыл өзені туристерді қызықтыруы керек. Бірегей табиғи ландшафттары бар өзен аумағында экстремал, экологиялық және емдік-сауықтыру демалыс орындарын дамыту қажет. Бұл аумақ отандық туристерді ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерді де қызықтыратын мекендеріміздің біріне айналуы мүмкін. Бүгінгі жиынға қатысып отырған әріптестерімнен осы мәселеге ерекше көңіл бөлуін сұраймын», – деді министр.
Оның айтуынша, жалпы есеппен, елде туризм жақсы дамып келе жатыр. Тек Тобыл-Торғай өңірінде де осы салаға екпін беру керегін, өйткені облыс сакралды орындарға бай екенін, қажетті инфрақұрылым жасауға билік тарапы мүдделі болып отырғанын сөз етті. Сондай-ақ алдағы жылы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы жария етілетінін, қазір соған даярлық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта өтті.
Есеп беру кездесуінен кейін министр жиынға қатысушылардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, одан соң азаматтарды жеке қабылдады. Онда олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Облыс тұрғындары өңірде білікті жаттықтырушылардың жетіспейтінін, спорт нысандарының тапшылығын, кейбір спорт түрлері қаржыландыруға зәру екенін айтып, ішкі саяхатқа жеңілдіктер беру, жол бойындағы сервис пен инфрақұрылымды дамыту сияқты маңызды тақырыптарды қозғады.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ