Еркін ойдың мекені

Еркін ойдың мекені

Екі күнге созылған «Ата салтым – асыл мұрам» республикалық дебатына 24 командадан 48 пікірсайысшы қатысты. Арқалық, Қостанай, Рудный, Семей, Астана, Көкшетау, Қарағанды қалаларынан келген топтар түрлі тақырып бойынша мәселе қозғап, ойларын ортаға салды.

Жыл сайын Қостанай қаласында тұрақты түрде пікірсайысшыларға арналып республикалық турнир өткізіледі. Бұл жолғы жарысты А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жанынан құрылған «Парасат» және «Ахмет ұрпақтары» дебат клубтары бірлесіп ұйымдастырды. Бұған дейін қос клуб әртүрлі жобаларға бастамашы болып жүрген. Тунирге қолдау көрсетіп, жастардың басын бір арнаға тоғыстырушы – облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар ресурстық орталығы.

– Дебат – жастардың өзара байланыс құратын тиімді ортасы. Студент кезде орнатқан достық мәңгі қалады. Бұл ретте біздің орталық жастар үшін маңызды істерді естен шығармайды. Елуге жуық қатысушы және он төрешіні арнайы шақырттық. Келген төрешілердің барлығы дебатта өзіндік орны бар жандар. Пікірсайыстың «Ата салтым – асыл мұрам» деп аталуының өзінде де ерекше мағына бар. Бірінші кезекте жас буынды салт-дәстүрді білуге, оны құрметтеуге үндейді. Сондықтан турнирдегі тақырыптар да дәстүрге, қоғамдық-танымдық жағдаяттарға мән берілген, – дейді жастар ресурстық орталығының ақпараттық-әдістемелік секторының меңгерушісі Руслана Ғабитқызы.

Турнир барысында жастардың ұлттық мұра мен қоғамдық мәселелерге жүйелі қарайтыны анық байқалды. Олар әрбір ойында қарсыласының ұрымтал тұсын аңдып, әлсіз дәлел келтірген сәтті тиімді пайдаланды. Негізінен дебатты ойнау ережесі бірдей болғанымен, әр өңірде ойында қолданылатын әртүрлі әдіс-тәсілдер бар. Республикалық турнирге алғаш рет қатысқан «Парасат» дебат клубының мүшесі Ақнұр Ермек ойыннан ерекше әсер алғанын айтады.

– Менің республикалық турнирдегі алғашқы ойыным өте керемет өтті. Бірінші рет ойнап тұрғандықтан, қорқыныш болды. Дебатта 5-6 жылдық тәжірбиесі бар үлкен буынмен таныстым. Олардың ойындарын көріп, көп нәрсе үйрендім. Қалай дұрыс аргумент құру керек, қандай сөздер төрешіге өтімдірек екенін білдім. Жалпы, берілген тақырыпты мұқият оқып, сенімді түрде өз кейсіңді қорғау керектігін ұқтым. Бұл ресубликалық дебат мен үшін өте ыстық әрі естеліктерге толы болары сөзсіз, – дейді жас пікірсайысшы Ақнұр.

Жалпы пікірсайыстың қорытындысы бойынша бірінші орын 300 мың теңге «Лестер Клаудио» командасына (Құнанбай Бердалы, Нұрислам Жұмакенов) бұйырды. Екінші орынды «Медунивер» (Нұрбақыт Исахан, Нұрсипат Жолдасова) 200 мың теңгені иеленсе, үшінші орын иегерлері «Ата салтым – асыл мұрам» (Рабиға Пазылханқызы, Шыңғыс Жұмағали) 100 мың теңгені ұтып алды. Ойынның ең маңызды жүлдесі саналатын «Үздік спикер» номинациясы 100 мың теңгелік сертификатпен Құнанбай Бердалы марапатталды.

– Араға біраз жыл салып, дебат ойнау маған қуаныш сыйлады. Барлығы үшін рахмет. Дебат – еркін ойлы жастардың мекені. Ұйымдастырушыларға және жүлдені лайық деп тапқан төрешілерге алғысымды білдіремін, – деді толғаныспен Құнанбай Бердалы.

 

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу