Тұтынушылардан түсетін шағым көлемі артып келеді Unrecognizable woman checking a long grocery receipt leaning to a full shopping cart at store.

Тұтынушылардан түсетін шағым көлемі артып келеді

Облыстық сауда жане тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Мырзахан Ерқанов  БАҚ өкілдерімен өткен брифингте тоғыз айдың қорытындысы бойынша зерттеулер жоспарға сәйкес орындалғанын тілге тиек етті. Шағымдардың тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық тамақтандыру орындарынан  көп келетінін айтып отыр.

– Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды үнемі мақсат еткен. Бүгінде тұтынушылардан келетін өтініштер саны 40-50 пайызға өсіп отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында біздің департаментке 1328 өтініш келіп түсті. Шағымдар саны алдыңғы жылдарға қарағанда артқан. Бұл дегеніміз, тұтынушылар заң бойынша өз құқықтарын қорғауға кіріскен, – дейді Мырзахан Әділханұлы.

Тұтынушы дүкенде тұрған тауар бағасының кассадағы бағамен сәйкес келмеуінен заң бұзушылықтың орын алғанын білуі керек. Әр тауардың бағасына жауапты қараған жөн. Осындай келіспеушіліктер орын алған жағдайда сауда жане тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған абзал.

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау одағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга  Березуцкая тұтынушыларға өз мүдделерін қорғау үшін аталған заңды меңгеру қажет екенін ескертеді. Заңды білгеннің ғаламтор арқылы жүргізіліп жатқан алаяқтық істің алдын алуға септігі мол.

– Біз тұтынушыларға тауарды сатып алмай жатып, сатушы жайлы ақпаратты біліп алуды жиі айтамыз. Тұтынушыларға тауар бағасын сатушы кәсіпорындармен салыстыра отырып таңдауды ұсынамыз, – дейді ол.

Тұтынушылардың құқығы бұзылған жағдайда, eOtinish сайты арқылы өтініш беруге болатынын айта кетейік.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу