Республика күніне орай Қостанай қаласының «Қонай» шағын ауданында 16 пәтердің кілті табысталды. Баспаналы болғандар қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектер мен жетім балалар бар. Қоныстанушылардың қуанышына қала әкімі Марат Жүндібаев ортақтасты. Шағын ауданның 83-ші кварталында салынған №1-ші тұрғын үйде барлығы 45 пәтер бар. Ауласы абаттандырылып, балалар және спорт алаңы салынған. Бейнебақылау арқылы маңайы күні-түні бақыланады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кіреберістер арнайы бейімделіп жасалған.
Қала әкімінің айтуынша, биыл барлығы 370 адам жаңа қонысқа ие болмақ. Олардың 200-ге жуығы көп балалы отбасылар мен жетімдер.
– Пәтер кілтін алып жатқан тұрғындарды қоныс тоймен құттықтаймын. «Қонай» шағын ауданына қатысты көптеген мәселелер туындағанын білесіздер, десек те барлығын жүйелі шешуге тырысып келеміз. Аудан әлі де дамитын болады. Келер жылы балабақша, медицина амбулаториясы, тағы бір мектеп салуды бастаймыз. Яғни, 400 гектар жер толық игеріліп, тұрғындар саны 80 мыңға дейін өседі. Көшелер жарықтандырылып, жолдар салынып жатыр. Көлік тұрақтары жасалып, қоғамдық көлік үздіксіз қатынайды. Жыл соңына дейін көгілдір отын мәселесін шешуге тырысамыз, оған қаржы бөлінді, – деді қала әкімі.
Биыл облыс орталығында көппәтерлі 33 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның төртеуі жалға берілетін және 29-ы несиелік тұрғын үйлер. Соңғы 9 айдың ішінде қалада 16 үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 17 үй тапсырылады. Осылайша 1600-ден астам отбасы баспаналы болады. Ал «Қонай» ауданындағы қоныстой қараша айында тағы жалғасады. Шағын ауданның №85/4 мекенжайындағы тұрғын үй келер айда пайдалануға беріледі. Бұл ауданда жыл соңына дейін көппәтерлі 6 үй тапсырылмақ.
Сабырхановтар әулетінде үлкен мереке. Бірнеше жыл кезекте тұрып күткен баспаналарына қол жеткізді. Отағасы Қуантай Сабырханов келіншегі екеуі бес бала тәрбиелеп отыр.
– Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Көп балалы отбасы санаты арқылы үш бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көру деген осы. Өзім полиция қызметкерімін, келіншегім сот саласында жұмыс істейді, – дейді пәтер иесі Қуантай Сабырханов.
«Қонайда» желтоқсан айында 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 600 орындық тағы бір мектеп бой көтереді. Балабақша құрылысына 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр. 280 орындық балабақшаның жобалық-құндық құжаттамасы әзірленуде. Оның да құрылысы алдағы жылы басталады.
Айнагүл Машманова да көп балалы ана. Үбірлі-үбірлі отбасы осы уақытқа дейін саяжайда тұрып келген. Енді үш бөлмелі пәтерге қоныстанды.
– Ең алғаш қалаға 2015 жылы қоныс аудардық. Үш жыл үй кезегінде тұрдық. Саяжай сатып алып, сонда тұрып келдік. Мемлекеттің қолдауын сезініп жатырмыз. Бес баламыз бар, үлкені 11 жаста, кенжеміз 3 жаста. Мектеп құрылысы аяқталса сонда оқытамыз. Қуанышымыз барша жанға жұғысты болсын, – дейді А.Машманова.
Қаланың өзге ышқам аудандарында да тұрғын үй құрылысы қарқынды. Қазан айының соңына дейін «Юбилейный» шағын ауданында жаңа қоныстанушыларға жалға берілетін №9 үйдің пәтер кілттері табысталады. Жыл аяқталғанша «Әуежай» шағын ауданының №45/1 мекенжайының жаңа тұрғындары қоныстой атап өтпек. Айта кетейік, биыл ықшам ауданда 280 орындық балабақша құрылысы басталды. Нысанның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев