Экономикаға серпін, ел игілігіне бағыт

Экономикаға серпін, ел игілігіне бағыт

Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының жаңа кезеңдегі даму бағдарлары айқын көрініс тапты. Әсіресе, экономиканың нақты секторын нығайту, Ұлттық қордың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалар өзара сабақтасып жатыр.

Меніңше, бұл бағыттарды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Өйткені экономикалық өсімнің түпкі нәтижесі құрғақ статистикамен емес, оның халықтың күнделікті тұрмысынан қаншалықты көрініс табуымен өлшенуге тиіс.

Бүгінде Қазақстан экономикасы белгілі бір өсім қарқынын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында жалпы ішкі өнім көлемінің 400 миллиард долларға жуықтағанын, жан басына шаққандағы көрсеткіштің 19 мың доллардан асқанын баян етті. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 14 пайыздан жоғары болуы да экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесін аңғартады. Алайда қол жеткізген көрсеткіштерге тоқмейілсіп қалуға болмайды. Ендігі міндет – экономикалық өсімді сапалық тұрғыдан жетілдіру, шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіретін кәсіпорындардың әлеуетін арттыру.

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің отандық өндірісті дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді инвестиция тартуға басымдық беруі өте орынды. Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндіру туралы тапсырманың маңызы зор.

Бұл бір жағынан ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттырса, екінші жағынан жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне жол ашпақ. Яғни құрылысқа бөлінетін қаржының белгілі бір бөлігі қайтадан ұлттық экономикаға қайтып, өндірістің дамуына ықпал етуі керек.

Жолдаудағы назар аудартқан мәселелердің бірі – Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәртібі. Мемлекет басшысы 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттауды тапсырды. Бұл – ауқымы жағынан үлкен қаржылық шешім. Дегенмен мұндай қадамға тек қаражат бөлу тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Ұлттық қор – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның да ортақ байлығы. Сондықтан оның қаражатын жұмсауда жинақтау мен пайдалану арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет.

Президенттің Ұлттық қор қаржысы тек қоғамға барынша пайдалы, нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымы бар жобаларға жұмсалуға тиіс деген ұстанымы осы жауапкершіліктен туындайды. Менің ойымша, бұл жерде әрбір жобаның тиімділігіне, жұмсалған қаржының нәтижесіне баса мән берілуі керек. Салынған нысан уақыт өте келе қосымша шығын талап ететін нысанға емес, өңірдің дамуына серпін беретін, халықтың қажеттілігін өтейтін инфрақұрылымға айналғаны жөн. Қаражаттың ашық әрі мақсатты жұмсалуы да осы жұмыстың басты шарты болуы керек.

Осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасының мәні де осында деп ойлаймын. Бұл – тек ғимараттар мен жолдар салудың жоспары емес, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін ауқымды жоба. Оның аясында денсаулық сақтау, білім беру, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті мәселелер шешімін табуы көзделіп отыр. Әсіресе, ауылдар мен шағын қалалар үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Өйткені тұрғынның сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, баланың заманауи мектепте білім алуы, ауызсу мен жол мәселесінің шешілуі – өмір сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасының тағы бір маңызды тұсы – жергілікті кәсіпкерлікті қолдау мүмкіндігі. Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстарына тәжірибесі мен материалдық-техникалық мүмкіндігі жеткілікті жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажеттігін айтты. Мұның өңірлік экономика үшін пайдасы зор. Себебі жергілікті кәсіпорындар тапсырыс алып, жұмыс көлемін ұлғайтса, жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері көбейеді, мамандардың кәсіби әлеуеті артады. Осылайша, бір ғана инфрақұрылымдық жобаның айналасында бірнеше экономикалық тетік қатар іске қосылады.

Дегенмен бағдарламаның нәтижелі болуы үшін құрылыс сапасы, мерзімі мен қаржының игерілуі қатаң бақылауда болуы керек. Бастысы, нысан салу үшін ғана салынбай, нақты қажеттілікке негізделуі қажет. Мәселен, белгілі бір ауылда медициналық пунктке сұраныс болса, алдымен сол мәселе шешілгені жөн. Әр өңірдің ерекшелігі мен тұрғындардың сұранысы ескерілгенде ғана

«Халықтық құрылыс» атауына сай халықтың игілігіне қызмет ететін жоба болмақ.
Жалпы, биылғы Жолдаудағы экономикалық бастамалардың өзара байланысы анық байқалады. Ұлттық қор инфрақұрылымдық жаңғыруға қаржылық негіз қалыптастырса, «Халықтық құрылыс» сол қаражатты нақты жобалар арқылы халық игілігіне бағыттайды. Ал отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту осы жұмыстардың экономикалық қайтарымын қамтамасыз етуге тиіс.

Мұнда ең негізгісі – мемлекеттік инвестицияның жеке бизнесті ығыстырмай, керісінше, оның дамуына жол ашуы. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауда басты өлшем қаржының қанша бөлінгені немесе қанша нысанның салынғаны ғана болмауы керек. Нәтиже – жаңа жұмыс орындары, дамыған өндіріс, қолайлы инфрақұрылым, сапалы әлеуметтік қызмет және халықтың әл-ауқатының артуы. Егер осы көрсеткіштерге қол жеткізсек, «Халықтық құрылыс» ел экономикасын нығайтатын әрі өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайтатын маңызды бастамаға айналары сөзсіз.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы