Автобустарда қолма-қол ақша қабылданбауы мүмкін

Автобустарда қолма-қол ақша қабылданбауы мүмкін

Қостанайда қоғамдық көлікте жолақы төлеу тәртібі өзгеруі ықтимал. Қала әкімдігі автобустарда қолма-қол ақша қабылдаудан бас тарту мәселесін қарастырып жатыр. Жоба мақұлданса, жолаушылар жолақыны банк немесе көлік картасы, сондай-ақ мобильді қосымша арқылы төлейтін болады. Алайда электронды төлемге көшу баршаға бірдей қолайлы бола ма?

Қазір қалада қоғамдық көліктегі электронды төлем жүйесінің операторы ауысып, қызмет көрсету ақысы төмендеген. Бұған дейін «AlemPay» ЖШС әр транзакциядан 9-дан 25 пайызға дейін комиссия ұстаса, жаңа оператор «SMSBUS» бұл қызметті 7 пайызбен көрсетеді. Әкімдіктің есебінше, осы өзгерістердің нәтижесінде жыл соңына дейін бюджеттен шамамен 80 миллион теңге үнемделмек.

Қостанай қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсеновтің айтуынша, оператор қызметінің арзандауы мен шығындарды оңтайландыру бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

«Биыл бастапқыда 600 миллион теңге қарастырылған еді. Үнемдеу нәтижесінде 520 миллион теңге жұмсалады», – дейді Нұрдәулет Бейсенов.

Бұдан бөлек, былтыр қоғамдық көлік маршруттарын оңтайландыру арқылы небәрі төрт айда шамамен 800 миллион теңге үнемделген. Дегенмен автобустарды субсидиялауға әлі де қомақты қаражат қажет. Биыл бұл мақсатқа 9,6 миллиард теңге бөлінуі тиіс. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша тасымалдаушыларға 8 миллиард теңгеден астам қаржы төленген.

Алдағы уақытта жолаушыларды тағы бір өзгеріс күтіп тұр. Қазір автобустарда қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастау жобасы келісу кезеңінде. Егер бастама мақұлданса, электронды төлем негізгі әрі жалғыз төлем тәсіліне айналуы мүмкін. Алайда жаңа тәртіпке қатысты сұрақтар аз емес. Смартфоны немесе банк картасы жоқ жолаушылар жолақыны қалай төлейді? Әзірге бұл жағы нақтыланбаған. Сондықтан қоғамдық көліктегі төлем жүйесін жаңарту кезінде бюджет үнемдеумен қатар, жолаушылардың да мүддесі ескерілуі тиіс.

            Гүлзада НҰРМАҒАМБЕТОВА