Кітапқа деген қызығушылық пен рухани ізденіс Қостанайда өткен тағылымды шарада тоғысты. Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің он жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған танымдық додаға өңірдің қала-аудандарынан 30-ға жуық адам жиналды.
Олар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты еңбегін оқып, мазмұнын тереңірек танып-білуге ықылас танытып қана қоймай, шығармадағы ой-тұжырымдарды қаншалықты меңгергендерін де ортаға салды.

Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ұйымдастырылған шараға дін қызметкерлері мен діни сауатын жетілдіріп жүрген жамағат өкілдері қатысты. Әрқайсысы кітап мазмұнын зерделеп, рухани білімін толықтыруға ниет білдірген.

Іс-шара басталмас бұрын Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, кітаптың мазмұны мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай бастамалар кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, адамның бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіруге ықпал етеді.

– Әр ауданнан, қаладан ат терлетіп келіп отырсыздар. Қадамдарыңыз оңынан болсын! Биыл облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің он жылдығы аясында мешіт жамағаты арасында кітап оқу сайысын ұйымдастырып отырмыз. Кітап оқу адамның ақылына ақыл қосып, жүрегіне ізгілік ұялататын рухани қазына. Оқыған адам ой түзейді. Ой түзеген адам сөз түзейді. Ал сөзі мен ісі дұрыс болған адам қоғамның өркендеуіне үлес қосады. Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды, — деді Бектұрсын қажы Торғайбайұлы.
Сайыс шарты бойынша қатысушыларға кітапты алдын ала оқып, мазмұнымен танысуға бірнеше күн уақыт берілген. Ал негізгі кезеңде арнайы құрылған қазылар алқасы шығарманың әр тарауы мен бөлімдеріне қатысты сұрақтар қойды. Қатысушылардың міндеті – сауалдарға нақты әрі мүдірмей жауап беру. Осылайша, олардың кітапты қаншалықты меңгергені, есте сақтау қабілеті мен ой қорыту деңгейі сынға түсті.

Қатысушылардың бірі Хасанғали Камаловтың айтуынша, мұндай шаралар кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оқыған дүниені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Оның сөзінше, рухани мазмұндағы еңбектерді оқу адамның күнделікті өмірдегі ұстанымдарына да әсер етеді.
Кітап мазмұнына қатысты ойымен Арқалық қаласынан келген Зейнолла Оразхан да бөлісті. Ол шығарманың әр бөлімінен тағылым алуға болатынын айтып, кітаптағы ойлардың адамды адалдыққа, жауапкершілікке үндейтінін жеткізді.
Ал қостанайлық Бейбіт Нұрмұханов үшін бұл шара білімін тексерумен қатар, рухани ізденісін толықтыруға мүмкіндік берген.
– Өзім жас журналист ретінде кітап оқуды, үнемі ізденіп, білімімді толықтырып отыруды жақсы көремін. Қазір ақпарат өте көп, күн сайын сан түрлі мәліметке кезігеміз. Осындай заманда адамның ненің маңызды, ненің құнды екенін ажырата білуі қажет. Ал кітап осы тұрғыда терең ойлануға, дүниеге байыппен қарауға үйретеді. «Ислам және адал қоғам» еңбегінен де алар тағылым мол. Әсіресе адалдық, жауапкершілік, әділдік секілді құндылықтар әр адамның өмірлік ұстанымына айналуы керек деп ойлаймын. Сондықтан мұндай шығармаларды оқып, мазмұнын талқылаудың берері көп, – дейді Бейбіт Нұрмұханов.
Білім сайысында Арқалық қаласынан келген Зейнолла Оразхан бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын әулиекөлдік Ержан Жабағинге бұйырды. Ал Лисаков қаласынан Еркебұлан Әлжан мен Алтынсарин ауданынан Айдана Сәрінжіп үшінші орынды өзара бөлісті.
Төртінші орынға қостанайлық Бейбіт Нұрмұханов пен меңдіқаралық Тоғжан Мүбәрәк лайық деп танылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды дәріптеу және адамдарды ізденіске ынталандыру.
Ал «Ислам және адал қоғам» еңбегінің таңдалуы да бекер емес. Кітапта көтерілген адалдық, әділдік пен жауапкершілік мәселелері бүгінгі қоғам үшін де өзекті.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Бастама аясында адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық және отансүйгіштік секілді құндылықтарды кеңінен насихаттау көзделген.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ
