Құрыш білекті, болат мінезді

Құрыш білекті, болат мінезді

Қарасу ауданында спортқа қызығушылық жоғары. Көпшіліктің саламатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттыруға жергілікті билік пен жеке инвесторлардың қолдауы көп. Нәтижесінде спорттық инфрақұрылым жаңарып, түрлі деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылуда.

Жуырда, дәлірек айтқанда, 1-қараша күні Қостанай қаласында «Железная хватка» күштік спорт түрлері бойынша республикалық турнир өтті.

Сайыста еліміздің және көрші мемлекеттердің мықты атлеттері қатысты. Олар жатып көтерудің классикалық әдісі, жабдықсыз штанга көтеру, штанганы жұлқа көтеру, қос сырықта (брусьяда) өз салмағымен көп қайталанатын отырып-тұру жаттығуы сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты.

Аталған додаға Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов өзі жол бастап қатысып, жерлестеріне жігер сыйлады. Ол жатып көтерудің классикалық түрінен ардагерлер арасында 1-орын, ал жастар арасында 3-орынға ие болды.

Мұның өзі мемлекеттік қызметкердің қарапайымдылығын, спортқа деген жанашырлығын білдірсе керек. Аудан басшысының кабинетке қамалып іс атқарғаннан гөрі халықпен етене жақын араласу әдісін таңдағаны деп білеміз.

Ауылдастары Қайрат Оспановты грэпплингпен, яғни жекпе-жек спортымен тұрақты айналысатынын айтады. Спортқа ынталы жастарды үнемі қолдап отыратын көрінеді. Сондай-ақ жарыстар өткізуге мұрындық болып жүр. Мұндай қарқынмен Қарасу ауданы астықты өңірден бөлек мықты спортшылар мекеніне айналады деген сенімдеміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Қарасу ауданы