Ауыл ажары – тазалық пен тәртіпте

Ауыл ажары – тазалық пен тәртіпте

Ұзынкөл ауданы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру бағытында көш бастап отырған өңірлердің қатарында. Әсіресе, кәсіпкерлік субъектілерінің атсалысуын ерекше атап өту керек.

Биыл абаттандыру мен санитарлық тазарту жұмыстары аясында 2,8 мыңнан астам көшет отырғызылып, 4 мың тонна қоқыс шығарылған. Бұл шараларға 6,2 мың адам қатысыпты.

«Осының нәтижесінде 14 саябақ пен сквер абаттандырылып, тарихи-мәдени маңызы бар 23 нысанның аумағы ретке келтірілген, рұқсат етілмеген 26 қоқыс орны жойылыпты. Жасалған меморандумдар аясында иесіз қалған және тозығы жеткен 56 ғимарат пен үй сүріліп, қараусыз қалған 84 нысан консервацияланған. Жыл соңына дейін қосымша 14 иесіз қалған құрылыс нысанын бұзу жоспарланып отыр», – деді аудан басшысы Марат Жұрқабаев.

Биыл ауданда 5 саябақ пен сквер салу жоспарланған. Оның үшеуі – Ұзынкөл, Ершов және Ряжское ауылдарындағы қоғамдық кеңістіктер бүгінде пайдалануға берілді. Олардың екеуі аудан кәсіпкерлерінің көиегімен салынғанын атап өту керек. Мәселен, Ершов ауылында «Ержанов А» шаруа қожалығы 50 млн теңгеге саябақ салса, Ряжское ауылында «Нива» шаруа қожалығы 750 мың теңгеге сквер аумағын абаттандырды.

Сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік аясында «Восход» кооперативі Миролюбов ауылында 87 млн теңгеге саябақ аймағын салып жатыр. «Олжа Ряжское» ЖШС Ұзынкөл ауылында 20 млн теңгеге паркті абаттандыруда.

Облыс әкімі Ұзынкөлдің орталығындағы жаңадан абаттандырылған саябақта болып, ондағы жасалған жұмыстарды көрді. Жобаның жалпы құны 50 млн теңге. Аумағында фотоаймақ, үстел теннисі мен шахмат тақтасы, жағажай волейболына арналған алаң және балалар ойын алаңы заманауи стильде жабдықталған. Бұл аумаққа жасыл желектер отырғызылып, бейнебақылау камералары орнатылған. Аудан басшылығының айтуынша, келешекте бұл орынды әлі де кеңейту жоспарда бар екен.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ