Жангелдин ауданында ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды

Жангелдин ауданында ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды

Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев Қостанай облысының өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жангелдин ауданының 2026 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері» туралы баяндады.

Ауданның тұрақты дамуы ең алдымен сапалы инфрақұрылымға байланысты. Осы бағытта жол құрылысы, ауыз сумен қамтамасыз ету, интернет желісін дамыту, тұрғын үй салу және елді мекендерді инженерлік жүйелермен қамту жұмыстары жүргізілуде.

Биыл аудан үшін ғана емес, жалпы Торғай өңірі үшін стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылысы басталды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Орталық – Батыс» жаңа автомобиль жолы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жоба. Жалпы ұзындығы 889 километр құрайтын бұл жол Арқалық қаласын Астанамен, сондай-ақ Торғай ауылын Ырғыз ауданымен байланыстырады. Жоба толық іске асқан жағдайда Астана мен Батыс өңірі арасындағы жол қашықтығы 560 шақырымға қысқарады. Аталған жолдың іске қосылуы өңірдегі көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, сауда, логистика, туризм және қызмет көрсету салаларының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі Дінмұхамед Бидашев брифигте сөйлеген сөзінде.

Әкім өз баяндамасында атап өткендей аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда 12 елді мекендегі 9265 тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 90 пайызын құрайды.

Үш елді мекенде 679 тұрғын,  аудан халқының 6,5 пайызы магистральдық су жүйесінен жеткізілетін суды тазарту арқылы қамтамасыз ететін су тарату пункттерін пайдалануда.

2026 жылы Сарысу ауылы тұрғындарының ұйымдасуымен үйлерге су тарату желісі тартылды.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі.

2026 жылы Сарысу ауылына байланыс тірегі орнатылды. Жыл соңына дейін «Билайн» байланыс желісі мен 4G мобильді интернетін іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі күнге аудан халқының 97%-і ұялы байланыспен және жоғары жылдамдықты мобильдік интернетпен қамтылған.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда.

2026 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 28 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Брифингте Дінмұхамед Серікұлы аудандағы білім, денсаулық, мәдениет және өзге салалардың да жай-жапсарларына кеңірек тоқталды. Халық арасында салауатты өмір сұру салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл Шеген және Қаламқарасу ауылдарында жалпы құны 20 млн. теңгеге  шағын футбол алаңдары салынды. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Тәуіш ауылында құрастырмалы модульді ангар үлгісіндегі спорт зал пайдалануға берілді», – деді аудан басшысы.

Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы жетекші орын алады. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту, егіншілік өнімділігін арттыру, асыл тұқымды мал үлесін көбейту және шаруашылықтардың техникалық базасын жаңарту негізгі басымдықтар болып қала береді. 2026 жылдың есепті кезеңінде ауданда 52 093 бас ірі қара малы өсірілуде. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға өскен. Дінмұхамед Серікұлы ауданның егіншілік кәсібіне де назар аударып, әңгімесіне арқау етті.

«2026 жылы аудан бойынша 17 шаруа қожалығы және 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы көлемі 42 745 гектар жерге егін егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты. Күзгі егін жинау науқаны толық аяқталды. Нәтижесінде дәнді дақылдардың орташа түсімділігі гектарына 8 центнерді құрап, жалпы 23,4 мың тонна өнім алынды.Майлы дақылдардың 18,3 мың гектары жиналып, орташа түсімділік гектарына 6 центнер болды. Жалпы алынған өнім көлемі 11 мың тоннаны құрады», – деді ол.

Елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстар күнделікті жүргізілуде.

Есепті мерзімнің  қорытындысы бойынша аудан көлемінде 2 987 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Тазалық жұмыстарына 4 872 адам қатысып, 1 405 аула тазартылды.

Аудан әкімі брифингтің екінші жартсында журналистердің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ