Елорда төрінде өткен «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауында Қостанай облысының атынан қатысқан Биекиндер отбасы еліміздің ең өнегелі 20 отбасының қатарынан көрініп, ұлттық байқаудың жеңімпазы атанғанын мұнан бұрын да сүйіншілеген болатынбыз.
Ел намысын еселеген мерейлі отбасыны жерлестері темір жол вокзалы басынан ән-жырмен, шашумен думандатып қарсы алды.
Биекиндер отбасы – тәрбиені, еңбекті, білімді және ұлттық салт-дәстүрді жоғары бағалайтын, көпбалалы әрі ынтымағы жарасқан, елге сыйлы отбасы. Әулеттің үлкендері елу жылдан астам уақыт бойы бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол балаларынан 14 немере, 1 шөбере сүйген бақытты ата-әже.
Біз орайы келгенде отбасылық құндылықтарды дәріптеп, құрмет биігінен көрінген отбасының қуаныштарымен бөліскен едік.
Зиада Әжібай,
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты:
«Болашақта балаларымыз да үлгілі отбасы болсын деген ниетіміз бар. Ата-енеммен 12 жыл бірге тұрамыз. Бір-бірімізге әрқашан қолдау білдіріп, әр істі ақылдасып шешіп отырамыз. Өмір көрген кісілердің өнегесі мол. Әрдайым халқымыздың даналығында айтылғандай «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсете білу керек деп ойлаймыз. Әр отбасының өзіңдік құндылықтары бар. Сондықтан әр отбасы мерейлі отбасы деп білеміз. Біздің қуанышымыз өзге жанұяларға да жұғысты болсын дейміз. Ең бастысы — әрқашан отбасылық құндылықтарымызды, адамгершілік пен мейірімділікті ұмытпауымыз керек».
Түбекбай Әубәкіров,
Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

«Бүгін қаламыз үшін үлкен мереке десек артық айтқандық емес. 2014 жылдан бастап елімізде отбасы құндылықтарын сақтау мақсатында елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Осы байқауға біздің қаламыздан да жылма жыл өнегелі отбасылар атсалысады. Биыл қалалық кезеңінде екі ардагердің отбасы жүлдегер болды. Жиенбаевтар және Биекиндер отбасы. Екеуі де қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері. Бұл байқаудың еліміздің ертеңі үшін маңызы мен мәні өте зор. Жас отбасылардың тату-тәтті өмір сүрулеріне үлкен қолдау, әрі үлгі деп танимыз».
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы
