Оқырманды кітапқа қалай ғашық етеміз? Арқалық кітапханашылары тың тәсілдерін бөлісті

Оқырманды кітапқа қалай ғашық етеміз? Арқалық кітапханашылары тың тәсілдерін бөлісті

Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Оқуды алға жылжытудағы кітапхана жұмысының заманауи түрлері» атты зерделі кеңес ұйымдастырылды.

Тағылымды басқосу – кітап оқуды насихаттаудың тиімді жолдарын талқылау, оқырман мәдениетін қалыптастырудың заманауи әдістерімен бөлісу және кітапханалардың қоғамдағы рухани-мәдени рөлін арттыруды нысанаға алған.

Зерделі кеңеске орталық кітапханаға қарасты ауылдық кітапханалардың қызметкерлері қатысып, оқуға қызығушылықты арттыру, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайту, өскелең ұрпақтың бойында кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мәселелерін ортаға салды.

Іс-шарада кітапхана басшысы Дәмет Есенжолқызы кітапхананың оқырман сұранысына сай қызмет көрсету, оқу мәдениетін дамыту және кітап оқуды кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, зерделі кеңесте елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық акциясының маңызына да ерекше назар аударылды.

«Кітап оқу – адамзаттың рухани қазынасына бастайтын жол, ал кітапхана – сол жолға бағыт беретін білім мен парасат ордасы. Республикалық «Кітап оқитын ұлт» акциясы аясындағы бастамалар мен осындай мазмұнды кәсіби кездесулердің маңызы зор. Өйткені кітап оқитын ұрпақ – елдің ертеңі, рухани бай қоғам – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, кітаптың қадірін ұғындыру және оқырманның таным көкжиегін кеңейту – кітапхана қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі», – дейді кітапхана әдіскері Ләззат Баяхметқызы.

Кеңестің тәжірибелік бөлімінде абонемент бөлімінің кітапханашысы Аяжан Шахмарданқызы мен оқу залы бөлімінің кітапханашысы Әсел Нұриденқызы тренинг өткізді.

blank

Тренингте кітап оқуды насихаттаудың тың тәсілдері мен оқырманмен жұмысты жандандыруға бағытталған тәжірибелік идеялар талқыланды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы