Қостанай әуежайының маңында орналасқан Air Kostanay Hotel қонақүйін қалпына келтіріп, қайта жабдықтауға жалпы 930 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде «Даму» қорының қолдауымен 530 млн теңге көлемінде қаржыландыру тартылған.
Бұл туралы арнайы баспасөз турында қанық болдық. Оның 450 млн теңгесі «Өрлеу» бағдарламасы, 80 млн теңгесі «Іскер Аймақ» бағдарламасы аясында берілген. Сонымен қатар кепілдік қамтамасыз етудің жетіспейтін бөлігін толықтыру үшін Қордың «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы бойынша 127,4 млн теңге көлемінде кепілдігі ұсынылған.
Бүгінде қонақүйдің жалпы нөмірлік қоры 63 бөлмеден тұрады. Қонақтарға стандарт, жартылай люкс және люкс санатындағы бөлмелер ұсынылады. Мұнда таңғы ас «швед үстелі» форматында беріледі. Сонымен қатар мейрамхана, лобби-бар, тегін интернет, кір жуу қызметі, күнделікті тазалық жұмыстары және тәулік бойы жұмыс істейтін қабылдау орны бар.
«Қонақүй негізінен орташа баға сегментіне бағытталған. Әуежайға жақын орналасуы оны ұшақпен сапарлайтын жолаушыларға, іссапармен келген азаматтарға және қалада уақытша аялдайтын қонақтарға қолайлы етеді. Қазіргі таңда қонақүйдің нөмірлік қоры шамамен 50 пайызға толық. Жаңадан ашылғанына қарамастан, мұнда Қостанай тұрғындарымен қатар, өзге өңірлерден келген қонақтар келеді», – дейді жеке кәсіпкер Аида Искакова.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Василий Васильев
