Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев Қостанай облысының өңірлік комуникациялар қызметінде «Амангелді ауданының 2026 жылғы 9 айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» туралы есебін берді.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше есепті кезеңде батыр атындағы ауданда макроэкономикалық көрсеткіштер: өнеркәсіп өндірісі – 63,3%, негізгі капиталға салынатын инвестициялар – 93,8%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 105,5%, құрылыс жұмыстары – 51,2%, бөлшек сауда – 100,3%, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы– 108,2%-і құраған.
Орташа жалақы көлемі 291 214 теңгені түзген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ке өсім бар екенін көрсетеді.
«Ағымдағы жылы аудан бюджеті 2,9 млрд теңгені құрады. Мұның ішінде салықтық түсімдер көлемі 749,9 млн теңге. Жалпы, аудандық бюджетке 610,3 млн теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдері түсіп, жоспар 112,6%-ке орындалды», — деді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Аудан бойынша 1 026 шағын және орта бизнес субъектілерінде (тіркелгені 1 037 бірлік) 1,8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер барлық деңгейдегі бюджетке 400,0 млн теңгеден астам салықтық түсімдер түсірген.
2023 жылдан бастап Амангелді ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен: 2023 жылы 21 адам, 2025 жылы 3 адам, 1 ауылшаруашылығы кооперативі жалпы соммасы 149 млн теңге несие алса, ал ағымдағы жылы 4 адам 30 млн теңге несие алып шағын кәсіптерін бастап жатыр.
Мал басы тұрақты түрде өсіп, дамып келеді. Мал шаруашылығын дамытуда аудан облыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Биыл облыстық бюджеттен 125,0 млн теңге бөлініп, 5 ауылдық округте талапқа сай мал молаларының құрылысы және 7 ауылдық округте 210,0 млн теңгеге ветеринарлық пункттерді орнату жұмыстары жүзеге асырылылды.
Қазіргі уақытқа текті ауыл шаруашылық өндірісінде 20 млрд 862,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өнімнің физикалық индексі 108,2% құрап отыр. Осы кезеңде 2 676,3 тонна ет (101,6%), 13 148,1 тонна сүт (106,1%) өндірілді. Шаруашылықтың барлық түрлерінде ірі қара 60 517 бас, қой-ешкі 81 928 бас, жылқы 29 619 басты құрайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026-2030 жылдар аралығында мал басы мен малдан өндірілетін өнімдерін 2,5 есе арттыруға тапсырма берген болатын.
Амангелді ауданы бойынша 2026-2030 жылдар аралығында мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды мал басын өсіріп, дамытуға бағытталған кешенді жоспарды орындау үшін «Береке», «Игілік», «Жайлау» бағдарламаларына аудан шаруа қожалықтары қазіргі уақытта құжаттарын дайындау үстінде. Сонымен қатар Амантоғай ауылдық округінен «Bek Invest Burabai» ЖШС 5000 бастық мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап, жобалау-сметалық құжаттары дайындалды, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде», — деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.
Сондай-ақ, аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған іс-шараларды баяндап, инфрақұрылым, әлеуметтік сала жұмыстарына да кеңінен тоқталды.
«Аудан орталығында және ауылдық округтерде апта сайын сенбіліктер өткізіліп келеді. Жалпы аудан бойынша бюджет және тартылған қаражаттардың есебіне барлығы 70,0 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Амангелді, Үрпек, Амантоғай, Тасты және Қарасу ауылдарының қоқыс қалдықтарын төгетін орындары қалыпқа келтірілді.
Жасалған сенбіліктер барысында Амангелді ауылының аумағынан 4 заңдастырылмаған қоқыс орындары анықталып, толығымен жойылды.
Биыл ауданда барлығы 7 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған болатын, қазіргі уақытта барлық ойын алаңдары орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың барлығы «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тартылған қаражат есебінен жалпы құны 46 млн тг жүзеге асырылды», — деді Қанат Уашұлы.
Аудан әкімі одан әрі әдеттегідей журналистердің сұрақтарына жауап берді. Онда ауылшаурашылық саласы, мал басының өсімі, шағын кәсіпкерліктің барысы туралы қосымша мәліметтер айтылды.
Әкім ауданда мал шаруашылығының маңызды басымдылыққа ие екенін жеткізді. Инвесторлар келіп жатса, оларға да тең мүмкіндіктер жасауға әзір екендіктерін алға тартты.
Мұрат Жүнісұлы
Амангелді ауданы
