Спорт – баршаға ортақ: сотталғандар арасында корнхолл ойыны өткізілді

Спорт – баршаға ортақ: сотталғандар арасында корнхолл ойыны өткізілді

Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №38 мекемесінде мүмкіндігі шектеулі сотталғандарға арналған корнхолл ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шара Қостанай қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп өткізілді.

Қазіргі уақытта №38 мекемеде мыңға жуық сотталған жазасын өтеуде. Олардың қатарында денсаулық жағдайына байланысты мүмкіндігі шектеулі 35 адам бар. Осы санаттағы сотталғандарға ерекше назар аударылып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене белсенділігін арттыруға және қоғамға бейімделуіне бағытталған түрлі тәрбиелік және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Корнхолл ойыны барысында қатысушылар өздерінің дәлдігі мен ептілігін көрсетіп, әр лақтырған қадам сайын жеңіске деген жігерлерін танытты. Денсаулық жағдайындағы ерекшеліктеріне қарамастан, олар ойынға белсенді қатысып, бір-біріне қолдау білдірді. Спорттық шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жағымды эмоциялар мен ұмытылмас әсер қалдырды.

Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені спорт адамның физикалық мүмкіндіктерін дамытып қана қоймай, ерік-жігерін шыңдауға, өзіне деген сенімділігін арттыруға және ортақ мақсатқа ұмтылуға ықпал етеді.

№38 мекемесінде сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу, олардың денсаулығын нығайту және бос уақытын мазмұнды өткізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.