56 миллион теңге қорғалды, бірақ 5 мың брошюра аздық етеді Фото: freepik.com

56 миллион теңге қорғалды, бірақ 5 мың брошюра аздық етеді

Қостанай қалалық полиция басқармасының жауапты мекемелермен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері азаматтарға тиесілі 56 миллион теңгеден астам қаражат қорғалды.

Алдын алу шараларын одан әрі күшейту мақсатында қала әкімшілігі полиция басқармасына 5 000 ақпараттық брошюра сатып алуға қаражат бөлген. Алайда мұндай брошюралардың саны Қостанай халқын түгел хабардар етуге аздық ететін көрінеді.

«Облыс орталығында халық саны шамамен 278 000 адам екенін ескерсек, бұл көлем қала тұрғындарын алдын алу шаралары туралы толыққанды ақпаратпен қамтуға жеткіліксіз. Оның үстіне тұрғын саны жылма-жыл өсуде. Онлайн алаяқтықтың алдын алу жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Сондықтан іс жүзінде ай сайын кемінде 10 000 дана алдын алуға бағытталған буклет қажет. Онлайн алаяқтыққа және жалпы киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі шаралардың жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Қол жеткізілген нәтижелер жүйелі алдын алу жұмыстарының және құзырлы органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын растайды», – деді қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ақтан Макеев.

Құзырлы органдардың атқарып жатқан қызметін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, бүгінгі ахуал сақтық шаралары әлі де күшейуді дәлелдеп отыр.

Полиция басқармасы мұндай қылмыстарды анықтап, оларға тосқауыл қоюмен ғана шектелмейді.  Сонымен қатар олардың алдын алу, азаматтарымыздың қаражатын қорғап қалу, олардың цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруды көздейді.

Түптің түбінде киберқылмысқа тосқауыл қоюға қоғам болып жұмылғанымыз тиімді.

Қымбат ДОСЖАНОВА