Қазақстанның халық әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Рhd, доцент Ержан Жаменкеев арқалықтық көрермендеріне шәкірттерінің класс концертін ұсынды.
Кеш қонағы Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының 1- орын иегері Жайна Тарғынованың өнері де сүйсініспен тамашаланды.

Ұстаздарын үлгі тұтқан шәкірттер ән-күйлерін әуелетіп өздерінің өнер майталмандарының лайықты ізбасарлары екендіктерін танытты. Атақты күйшінің тәрбиесін алып жатқан шәкірттер домбыра, жетіген, сыбызғы сияқты саз аспаптарында ойнап, өзе ұлттың билерін де күй тілімен сөйлетіп, қыз-жігіт болып күй айтысына шығып, тыңдарманының құлақ құрышын қандырып қана қоймай саф өнердің кереметтеріне тәнті етті.

Айтуларынша өнер жұлдыздары бұған дейін Қазақстанның 15 қаласында өнер көрсеткен екен. Орайылы сәтті пайдаланып Арқалық жұртшылығының да айрықша ықылас-пейілдеріне ризашылықтарын білдірді.

«Төрт жыл ішінде шәкірттеріміз заманауи домбырашы моделінің қандай болу керектігі жөнінде көп ізденді. Жауабын тапты десе болады. Талғамдары мен көзқарастары ерекше. Оны бүгінгі кеште орындалған туындылардан байқауға болады. 2023 жылдан басталған төл жобамыз жыл сайын түрлі атаумен жаңа бағдарлама ұсынып келеді. Сол концерттерде орындалған шығармалардың ең таңдаулысын талғамы биік Арқалық көрермендеріне ұсынып отырмыз», –дейді құрметті қос ұстаз.
Шәкірттермен қатар ұстаздардың өздері де қастерлі қара домбыраға тіл бітіріп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына кенелді.
Концерт соңында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов қадірлі қонақтарға жылы лебізін білдіріп, қала әкімінің Алғыс хаттарын және естелік сыйлықтарын салтанатты түрде табыс етті.

Сондай — ақ, өңірге сапарында атақты күйші Айгүл Үлкенбаева қаладағы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі мен Б.Байқадамов атындағы саз мектебінің ұстаз-шәкірттеріне шеберлік сағатын да өткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
