Торғайда психологиялық қызметтің жаңа бағыты талқыланды: мамандар цифрлық технологияларды меңгеруде

Торғайда психологиялық қызметтің жаңа бағыты талқыланды: мамандар цифрлық технологияларды меңгеруде

Жангелдин ауданында білім беру ұйымдарының психологтары цифрлық технологияларды психологиялық қызметте тиімді қолдану жолдарын үйреніп, өзара тәжірибе алмасты.

Заманауи технологиялар мен кәсіби білімді ұштастырған тағылымды курс мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Аудандық білім бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Психологиялық қызметте цифрлық технологияларды қолдану» жобасы басталды. Жоба шеңберінде оқыту және тәжірибе алмасу курсы өткізіліп, білім беру саласындағы мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды.

Курстың басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыру, мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және цифрлық құралдарды күнделікті жұмыс барысында қолдану дағдыларын қалыптастыру.

Курс спикері, педагог-психолог Әсем Жаңалыққызы қатысушыларға цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін таныстырып, оларды тәжірибеде тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар заманауи психологияның өзекті бағыттарына тоқталып, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

«Мазмұнды кездесу кәсіби дамуға тың серпін беріп, қатысушыларға жаңа білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады. Құнды тәжірибесімен бөліскен спикерімізге және белсенді қатысқан барша мамандарға алғыс білдіреміз», – дейді жобаны ұйымдастырушы «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейрамбек Айбекұлы.

Курс қатысушыларының бірі, М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәулет Жаңбырбайұлы да бастаманың маңыздылығына тоқталды.

«Өте маңызды әрі өзекті бағытта ұйымдастырылған тағылымды курс болды. Цифрлық технологияларды психологиялық қызметте тиімді қолдану – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай мазмұнды іс — шаралар мамандардың кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдау сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді. Бала болашағына бағытталған әрбір игі іс – қоғам дамуына қосылған құнды үлес. Игі бастаманы жүзеге асырған «Жалын» жастар ұйымына алғыс білдіремін», – дейді ол.

Цифрлық технологиялар – уақыт талабы, ал білікті психолог – балаға көрсетілетін сапалы қолдаудың кепілі.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Осындай жобалар білім беру саласындағы психологиялық қызметтің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Мұрат Жүнісұлы

Жангелдин ауданы