Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жылдан асса да, майдан даласында қаза тауып, туған жеріне оралмаған мыңдаған қазақстандық жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін зерттеліп келеді.
Архив қорларындағы құжаттардың ашылып, ғылыми айналымға енуі көптеген боздақтардың есімін қайта жаңғыртып, олардың ерлік жолын кейінгі ұрпаққа танытуға мүмкіндік беруде.
Осындай ержүрек жауынгерлердің бірі – Қостанай облысы, Амангелді ауданының тумасы, 155-атқыштар дивизиясының қызыләскері Сүгірәлин Әбдіхалық.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған құжаттарға сәйкес (58-қор, 18001-тізім, 166-іс, 116-парақ), Сүгірәлин Әбдіхалық 1904 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Ол Амангелді аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 155-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанған.
Архивтік құжаттарға сәйкес, Сүгірәлин Әбдіхалық 1943 жылғы 8 наурызда Смоленск облысы аумағындағы кескілескен ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тапқан. Алғашқы жерленген жері ретінде Смоленск облысының Шуманово ауылы көрсетілген.
Осындай маңызды жаңалықтардың бірі Ресей Федерациясының Тверь облысында орналасқан бауырластар зиратына қатысты архивтік материалдарды зерттеу барысында белгілі болды.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің архивтік деректері мен ОБД «Мемориал» ақпараттық базасының мәліметтеріне сәйкес, Тверь облысы, Ржев ауданы, Хорошево ауылдық округіне қарасты Муравьево ауылындағы бауырластар зираты (әскери мемориал №69-509/2014) – Ржев бағытындағы кескілескен шайқастарда қаза тапқан жүздеген жауынгердің мәңгілік мекені.
Мемориал 1954 жылы ұйымдастырылып, 1956 жылға дейін әртүрлі елді мекендерден жауынгерлердің сүйектері қайта жерленген. Қазіргі таңда мұнда 800-ден астам жауынгер жерленген. Олардың 534-інің есімі белгілі болса, 300-ге жуығы белгісіз жауынгер ретінде тіркелген.
Мемориалға қайта жерленгендердің сүйектері Алаево, Большое Манторово, Боры, Ботвиньево, Ковалево, Молчаново, Мончалово, Муравьево, Никифорово, Перхурово, Пирютино, Санталово, Старцево, Талица, Тальцы, Тимошенко, Хорошево, Шумино және басқа да елді мекендерден жеткізілген.
Ржев шайқасы – Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр әрі қантөгісті майдандарының бірі болды. 1942–1943 жылдары бұл өңірде жүздеген мың кеңес жауынгері ерлікпен қаза тапты. Соғыстан кейін олардың қабірлері іздестіріліп, әскери мемориалдарға қайта жерленді.
Осындай архивтік деректерді зерттеу – майдангерлердің тағдырын анықтауға ғана емес, олардың ұрпақтарына аталарының мәңгілік тыныстаған жерін білуге мүмкіндік береді. Бұл – тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызды қадам.
Әрбір анықталған есім – тарихтың қайта тірілген бір парағы. Әрбір табылған бауырластар зираты – ел үшін жанын қиған боздақтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Сондықтан архивтік құжаттарды ғылыми тұрғыдан зерттеу, майдангерлердің жерленген орындарын нақтылау және олар туралы мәліметтерді халыққа жеткізу – бүгінгі зерттеушілердің маңызды міндеттерінің бірі.
Міне, араға 83 жыл салып, архив құжаттарының негізінде майдангер Сүгірәлин Әбдіхалықтың ерлікпен қаза тапқан жері мен жерленген орны нақтыланып отыр. Бұл – бір әулет үшін ғана емес, Амангелді ауданының, тіпті еліміздің әскери тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бір адамның тағдырын анықтау – тұтас бір ұрпақтың тарихи жадын қалпына келтірумен тең.
Майдангердің артында жары Бибісара мен ұлы Еренғайып қалды. Әкесі майданнан оралмағандықтан, Еренғайып анасының тәрбиесінде өсіп, жоқшылық пен қиындықты бастан өткерді. Соған қарамастан, білімге ұмтылып, туған елінің мақтанышына айналды.
Биыл Амангелді ауданының белгілі азаматы, ақын, журналист, Қазақстан журналистикасының ардагері Еренғайып Әбдіхалықұлының туғанына 85 жыл толып отыр. Ол 1941 жылғы 2 сәуірде Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тәмамдап, туған жеріне оралып, аудандық «Тың шұғыласы» газетінде қарапайым корректордан бастап редакторға дейінгі барлық шығармашылық сатылардан өтті. Осы басылымда отыз жылға жуық еңбек етіп, аудандық журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Редактор ретінде жас қаламгерлердің қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Ақындар Жадыра Құтжанова, Әлпия Орманшина, Бүркіт Бекетов және басқа да көптеген шығармашыл жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың әдебиетке келуіне ықпал етті.
Еренғайып Әбдіхалықұлы айтыс өнерінің жанашыры болды. Өзі де аудандық және облыстық ақындар айтысына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен бірге аудандық халық театрының белсенді әртісі ретінде Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасындағы Қоңқай мен «Амангелді» пьесасындағы Мұңайтпас образдарын сахнада шебер сомдап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Бірнеше республикалық өнер байқауларының лауреаты атанды.
Өкінішке қарай, белгілі қаламгер 61 жасында дүниеден өтті. Бір жылдан кейін оның балалары әкесінің әдеби мұрасын жинақтап, «Ізгілер іздері» атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбек Еренғайып Әбдіхалықұлының азаматтық болмысын, шығармашылық әлемін және туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсететін құнды жинақ болып табылады.
Әкесінің жерленген жерінің нақты анықталуы – Еренғайып Әбдіхалықұлы көре алмаған тарихи әділеттің орнауы деуге болады. Бүгінде оның ұрпақтары мен туған-туыстары Сүгірәлин Әбдіхалықтың ерлікпен қаза тапқан жерін, мәңгілік тыныстаған мекенін нақты біледі. Бұл – бір әулет үшін ғана емес, тұтас ел үшін маңызды рухани оқиға.
Тарих – тек мемлекеттердің немесе қолбасшылардың ғана тарихы емес. Ол – әрбір жауынгердің, әрбір отбасының тарихы. Сондықтан архивтерде сақталған әрбір құжаттың ғылыми айналымға енгізілуі, әрбір боздақтың есімін қайта жаңғырту – тәуелсіз Қазақстанның тарихи жады мен ұлттық санасын нығайту жолындағы маңызды іс.
Бұл тарихи жаңалықты ерекше тебіреніспен қабылдаған жандардың бірі – майдангер Сүгірәлин Әбдіхалықтың немересі, белгілі қоғам қайраткері әрі қажы Амангелді Еренғайыпұлы. Атасының тағдырын анықтау жолындағы ізденістерге қолдау көрсетіп, архивтік құжаттарды жинақтауға және тарихи деректерді нақтылауға ерекше мән беріп келеді.
Араға 83 жыл салып атасының ерлікпен қаза тапқан жері мен мәңгілік тыныстаған мекенінің анықталуы – Амангелді Еренғайыпұлы бастаған әулет үшін ғана емес, туған өлке жұртшылығы үшін де үлкен рухани оқиға болды. Бұл – ондаған жылдар бойы жүректе сақталған сағыныш пен үміттің тарихи ақиқатпен тоғысқан сәті.
«Ер есімі – ел есінде» дейді халқымыз. Сүгірәлин Әбдіхалықтың ерлігі ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпағы оның есімін ардақтап, майдангердің өмір жолын кейінгі буынға насихаттауды өздерінің қасиетті борышы санайды. Атасының есімін жаңғыртуға бағытталған бұл игі іс – өткенге тағзымның, ел тарихына деген құрметтің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
Бір әулеттің тағдыры арқылы тұтас халықтың тарихы сөйлейді. Сондықтан архивтердегі әрбір жаңа құжаттың табылуы – өткеннің көмескі беттерін ашып қана қоймай, ұлттық тарихи жадымызды байыта түседі.
Самат Жұматайұлы,
Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу институтының
бас директоры
